«Қазақтың жарты жерін жамбасына басқан Божко, Терещенко, Кулагиндердің жерлерін мемлекетке қайтару керек!» — журналист

1090

Жер мәселесі қайтадан өткір көтеріле бастады. Қазақтың ең жанды жері Жер!

Мінбедегі париоттарымыз сөйлегенде ауыздары толады. Ауылға бар. Мал бақ. Жер жырт дейді. Мал бағып, жер жыртпақ түгілі туалет қазатын жер тауып көр ауылдан.

Кезінде кеңшар тарап, Кеңес құлағанда қолында билігі, аузында бұйрығы барлар совхоз, колхоздың жерін пышақ үсті үлестіріп алды. Одан қалды кеудесіне нан піскен олигархтар сол жерлерді тиын-тебенге басып алып, латифундист болып шыға келді. Заман түзеліп, жұрттың қорасына мал пайда бола бастап еді, енді сол малды жаятын жайылымдық жер жоқ. Шабындық туралы ауыз ашып та керегі жоқ.

Кешеден бері БАҚ осы жер туралы шулап жатыр екен. Тоқаев Қазақстанда тексерулерге және профилактикалық бақылау мен қадағалауды барып жүргізуге мораторий енгізу туралы» ҚР Президентінің 2019 жылғы 26 желтоқсандағы №229 Жарлығына толықтыру енгізу туралы» Жарлыққа қол қойды деп.

Жер мәселесімен айналысатын танымал заңгер Бақытжан Базарбек «өз басыма бұл үлкен жеңіс. Өз үлесімді қосқаныма қуаныштымын» дейді. Қисық қыңыр заңнан бір зардап шексе осы Бақытжан аға шекті.

Мораторийды алып тастағаны өте дұрыс! Павлодар мен ШҚО-да жер мәселесімен айналысқанымызда қит етсе мораторий деп қанды ішуші еді. Енді ондай қиындық жоқ. Осы мораторий алынғанын пайдаланып, қазақтың жарты жерін жамбасына басқан Божко, Терещенко, Кулагиндердің жерлерін мемлекетке қайтару керек! Бұлар аттары аталғандары. Аттары аталмаған олигархтар мен латифундистерден де Халықтың Жерін алатын уақыт келді.

Жер мемлекеттікі! Өз азаматтарымызға да сатылмауы керек!

Журналист Оңғар Қабденнің facebook парақшасынан