ЖЫЛУ ҚАЗАНДЫҚТАРЫ ҚЫС МАУСЫМЫНА ДАЙЫН

734
Шымкент қалалық мәслихатының жуырда өткен жиырмасыншы сессиясының күн тәртібінде қаланың жылыту маусымына дайындық барысы талқыға салынған болатын. Депутаттарға Шымкент қаласы энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Боранбай Болатбеков есеп берді.
Басқарма басшысының айтуынша, Шымкент қаласын 2022-2023 жылдардағы жылу беру маусымына дайындау мақсатында атқарылатын жұмыстарының іс-шара жоспары әзірленіп, қалалық штаб құрамы бекітілген. Бұл штаб дайындық жұмыстарының барысын тұрақты түрде қадағалап, пысықтап отырады.
–Шымкент қаласының 80 пайыздан астамына «3-Энергоорталық» акционерлік қоғамы жылу береді. Жұмыс істеп тұрғанына 40 жылдан астам уақыт өткен бұл орталықты модернизациялау мақсатында 5 жылдық инвестициялық бағдарлама қабылданған. Соның ішінде биыл атқарылуы тиіс жұмыстарға 903 миллион теңге қаржы қарастырылған. Бүгінгі күнге дейін соның 289,6 миллион теңгесі немесе 32 пайызы игерілген, – дейді Б.Болатбеков.
Шымкент қаласында көпқабатты тұрғын үйлерді біртіндеп әр шағынауданның өзінде орналасқан жылу қазандықтарына қосу жоспарланып отыр. Бұл қазандықтардың ерекшелігі мұнда энергия үнемдеуге бейімделген заманауи қондырғылар орнатылған. Әрі қаланың арғы шетінен тартылған құбырға қарағанда мұнда жылу жоғалту мөлшері аздау. Осының арқасында тұрғындарға жылыту құны арзанырақ түседі.
Бүгінде қалада осындай 15 жылу қазандығы бар. Соның 12-сі қазірдің өзінде қысқы маусымға дайындалған. Ал, қалған 3 қазандықта дайындық жұмыстары 15 қыркүйекке дейін толық аяқталады.
–Сонымен қатар қаладағы тозған жылу құбырларын жаңартуға да үлкен мән беріп отырмыз. Атап айтқанда, 2022 жылы 18 шақырым жылу жүйелерін ағымдағы жөндеуден өткізу жоспарланған болатын. Бүгінгі күнге дейін соның 9 шақырымы жөнделіп бітті. Қалған жұмыстар қыркүйек айының соңына дейін аяқталады, – деді Боранбай Нығметұлы.
Айта кетейік, қаланың 2022-2023 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстарының барысы Шымкент қаласының әкімдігі тарапынан бақылауға алынған, апта сайын тұрақты мониторинг жүргізіліп тұрады.