Еңбекші ауданындағы тұрғындардың 94,5%-ы ауыз сумен қамтылған

668

Шымкент қаласы Еңбекші ауданында ауыз сумен қамту көрсеткіші 94,5 пайызды құрайды, деп хабарлайды ardak.kz ақпараттық агенттігі.

Аудандағы жалпы абонент саны – 66 283. Қалаға қосылған 6 елді мекеннің жаңақұрылыс ауыз сумен қамту бойынша құрылыс жұмыстарын мердігер мекеме «Сарыағаш-Аман» ЖШС-і жүргізеді. Құрылыс жұмыстары 2023 жылға өтпелі. Жоба құны – 1,7 миллиард теңге. Бадам тұрғын алабының жаңақұрылысында — 340 учаске, Оңтүстік-Жаңақұрылыста — 989 учаскеге жобалау сметалық құжаттама 2023 жылы әзірленеді. Жаз мезгілінде тұрғындар суды шамадан тыс пайдалануына байланысты Елтай, Тоғыс, Айнатас, Базарқақпа елді-мекендерінде ауыз су тапшылығы орын алуда. Аталған елді-мекендерде ауыз су тапшылығын болдырмау мақсатында Базарқақпа және Тоғыс тұрғын алаптарынан қосымша ұңғыма қазу жұмыстарын мердігер мекеме «Сарыағаш-Аман» ЖШС-і бастады. Ауыз су құрылысы 2023 жылға өтпелі болғандықтан, Қарабастау, Жұлдыз тұрғын алаптарының жаңақұрылыс аймақтарында құрылыс жұмыстары келесі жылға жоспарланған.

Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы ұсынған мәлімет бойынша, қалада өткен жылы 14 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілген. 2021 жылдың қорытындысы бойынша,барлығы 10 елді мекенде құрылыс жұмыстары аяқталған. Нәтижесінде Тұран, Асар-2, Солтүстік саяжай, Ынтымақ-2, Батыс, Жаңатұрлан және Ақтас-2, Жаңаталап, Сәуле (276 орам) және Нұртас елді мекенінде ауыз су мәселесі түбегейлі шешілді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қамтылу көрсеткіші 95,6%-дан, 98%-ға өскен.

Сонымен қатар, 3 магистралды суаққының құрылысы аяқталып пайдалануға берілді. Айта кетейік, қазіргі таңда қаладағы 81 елді-мекеннің 78-і сапалы ауыз сумен толық қамтылған. Ал қалған Құрсай, Сайрам, Қайнарбұлақ тұрғын алабына ауыз су кестемен беріледі. 2022 жылы 4 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізіледі. Нәтижесінде қамтылу көрсеткіші 98%-дан, 99%-ға өседі деп күтілуде.