Шымкент әкімі бизнес қауымдастық өкілдерімен кездесті

787

Шымкенттегі «Көрме» орталығында жергілікті тауар өндірушілер мен бизнес қауымдастық өкілдерімен кездесу өтті.

Қалалық Кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған шараға қала әкімі Мұрат Әйтенов, «Атамекен» ҰКП басқармасы төрағасының орынбасары – Шымкент кәсіпкерлер палатасы директоры Тимур Нақыпбеков, құқық қорғау органдары қызметкерлері, кәсіпкерлер мен салалық құрылым жетекшілері қатысты.

Үшінші мегаполистің экономикалық және әлеуметтік дамуының негізгі драйвері – кәсіпкерлік саласы. Шымкенттегі жалпы өңірлік өнімнің үштен бір бөлігін шағын және орта бизнес өкілдері өндіреді.  Бүгінде қалада 95 мыңнан астам белсенді кәсіпкерлік субъектілері жұмыс істейді.

«Республика бойынша 4-ші орындамыз, 180 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Бұл да әрине сіздердің арқаларыңызда», – деді  М.Әйтенов салтанатты шараны ашу барысында.

Бұл жиында бірқатар өткір де өзекті мәселелер қозғалды. Қылмыстық процесс саласындағы қиындықтар, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту, қала құрылысында кездесетін проблемалар, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардағы жер учаскелерін қосалқы жалдау жолдары мен жанар-жағармайға дифференциациялық бағаның бекітілуіне байланысты туындаған салықтың есептілігі, т.б көптеген мәселелер көтеріліп, оның шешілу жолдары айтылды.

Кездесу қорытындысы бойынша Ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлікті қорғаудың экожүйесін құру жобасын жүзеге асыруды бастады. Бизнесті қорғаудың экожүйесі аясында кәсіпкерлік субъектілерінің құқығын бұзу фактілерін және мемлекеттік реттеуді жүзеге асыру кезінде қажетсіз әкімшілік кедергілерді азайтуға бағытталған бірқатар ұсыныс әзірленетін болды.

nege.kz