Түркістанға жылына 10 миллион турист тарту көзделіп отыр

1820
Түркістан қаласына келетін туристердің саны 2025 жылға қарай жылына 10 млн адамға дейін жететін болады. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифинг барысында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мәлімдеді, деп хабарлайды Қазақпарат тілшісі.
«Әзірет Сұлтан жобасы шетелдік қонақтар мен қазақстандықтар үшін зиярат ететін орынға айналады. Қазіргі таңда Түркістанға жылына 1,5 миллион адам келеді. Ал 2025 жылға қарай біз туристердің санын 10 миллион адамға дейін көбейтеміз», — деп мәлімдеді министр. Арыстанбек Мұхамедиұлы осы жылдың 29 қыркүйегінде Мемлекет басшысының Түркістан өңіріне сапары барысында министрлік еліміздің ежелгі нысандарының бірі — Түркі әлемінің рухани орталығы «Әзірет Сұлтан» мұражай-қорығының тартымдылығын дамытудың ұзақ мерзімді жоспарын ұсынғанын еске салды. Оған сәйкес, Түркістан қаласының орта ғасырдағы қалпын 88 гектар аумақта қалпына келтіру көзделуде.
Ол — ЮНЕСКО-ның ең ірі әлемдік мұраларының бірі болмақ. «Бұл жоба ежелгі Помпеи қаласындағы ашық аспан астындағы мұражайдың, Иерусалим, Осман империясының Топкапы сарайын қалпына келтірудің тәжірибесін есепке ала отырып жасалды. Халықаралық стандарттарға сай болу үшін жобаны дамытуға жетекші халықаралық ғалымдар мен сарапшылар тартылды, түпнұсқа көздер зерттеліп, ғылыми мұрағаттық деректер және археологиялық жұмыстар ЮНЕСКО өкілдерімен келісілді», — деді Арыстанбек Мұхамедиұлы. Еске сала кетсек, 19 маусымда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан облысын құру туралы Жарлыққа қол қойған болатын. «Бүгін «Қазақстан Республикасының Әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңының тоғызыншы бабына сәйкес, Шымкент қаласына республикалық маңызы бар қала мәртебесін беру және облыс орталығын Түркістан қаласына көшіру туралы Жарлыққа қол қойғалы отырмын. Бұдан былай бұл өңір Түркістан облысы деп аталатын болады. Осы әкімшілік аумақтың құрылымына өзгеріс енгізу арқылы бұл өңірдің өркендеуіне тың серпін беруді көздеген тарихи құжат болып саналады», — деген еді Мемлекет басшысы.
Аян Бекенұлы