Түркістан облысында рекордтар кітабына енген қолөнер шебері тұрады, деп хабарлады 24KZ.
Ұлттық қолөнерді дәріптеп жүрген мақтааралдық Нұрбибі Омарова 6 жылдан бері аядай ғана бөлмеде қойдың жүнін кәдеге жаратып, түрлі бұйымдар жасап жүр. Тіпті, сол түтілген жүннен қазақи нақыштағы шапан сүріп, сөмкенің де түр-түрін әзірлейді. Барлық киім-бұйымы сұранысқа ие.
Кез келген қойдың жүні болмайды. Мына жүнді біз Тараздан аламыз. Сол жерде цех бар. Сонда жуып, өңдеп, дәл осындай түрде бізге сатады. Меринос қойының жүні. Біздің оңтүстікте қара қой. Оның жүні қылшық, адам денесін қышытады. Ауырлау келеді. Мына қойдың жүні өте жеңіл, жұмсақ келеді адам денесіне, — дейді Нұрбибі Омарова.
Зейнеткер бұл өнерді жетік меңгеру үшін Қарағанды облысына арнайы барып, 1 айлық курсын оқып келген. Жүннен жасаған бешпет, шапандарын мерекелік кештер мен той-томалаққа кию үшін жан-жақтан келіп, сатып әкетіп жатыр. Кәсіпкер тапсырыстың басым бөлігін онлайн түрде қабылдайды.
Нұрбибі апайдың қолөнер жұмыстарын, шапандарын әлеуметтік желі арқылы көріп, Мырзакенттен осы Абай ауылына алайын деп келіп тұрмын. Құдалықтарға, той-томалаққа, сыйлы қонақтарға беруге болатын өте құнды сыйлық. Өзіме қатты ұнады, — дейді Мырзакент ауылының тұрғыны Димаш Аязбеков.
Шебер облыстық, республикалық және халықаралық көрмелерге ұдайы қатысып, өз өнімдерін шығарып отырады. Нәтижесінде еліміз бойынша «Хас шебер» деген атаққа ие болып, КИНЭС рекордтар кітабына енген. Алайда бабадан қалған саф өнерді үйренуге кейінгі буынның қызығушылығы төмен дейді ол.
Мақсатым – осы ұмыт болған дәстүрімізді ары қарай жалғастыру, болашақ ұрпаққа қалдыру. Қазір келіндеріміз бен қыздарымыздың бәрі үйде отырып алып, «Жұмыс жоқ, мемлекет бізге не берді?» дейді. Ал адамда «Ұрпаққа не қалдырамыз?» деген мақсат болу керек. Сол себепті мен тегін үйретемін. Бірақ «тегін үйретемін» дегенге бәрі қауіптене ме, қорқа ма, менің шәкірттерім өте аз, — дейді шебер.
Сондай-ақ ол киіздің адам денсаулығына пайдасы орасан зор екенін айтады. Себебі жүн талшықтары теріні тыныштандырып, адамның жүйке-жүйесіне жағымды әсер етеді. Осылай деген Нұрбибі Омарова енді мемлекеттік грантқа құжат өткізіп, кәсібінің ауқымын кеңейтуді жоспарлап отыр.