ТҮРКІСТАН: ҚАЗЫҒҰРТТА ЖАСТАР ӨГЕМ ӨЗЕНІ ЖАҒАЛАУЫНА СЕНБІЛІК ЖҰМЫСТАРЫН ЖҮРГІЗДІ

140
Қазығұрт аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің бастамасымен, «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында өткен «Жастар шыңы – 2025» облыстық іс-шарасы аясында экологиялық бағыттағы маңызды бастама жүзеге асты. Атап айтқанда, Өгем өзені жағалауында тазалық жұмыстарын қамтитын кең көлемді сенбілік ұйымдастырылды. Табиғат аясында өткен бұл шараға Түркістан облысының әр өңірінен келген белсенді жастар қатысып, өздерінің қоршаған ортаға деген жанашыр көзқарасын нақты іспен дәлелдеді.
✔️Аудан әкімінің орынбасары Мадияр Оразалиев сенбілікке арнайы қатысып, жастармен бірге өзен бойын тазарту жұмыстарына атсалысып, табиғатты аялау – әр азаматтың азаматтық борышы екенін атап өтті. Сондай-ақ «Бүгінгі сенбілік – тек қоқыс жинау ғана емес, бұл – экологиялық мәдениетті қалыптастырудың нақты көрінісі. Табиғат – бәрімізге ортақ қазына. Оны қорғау – болашаққа аманат», – деді.
Шараға қатысушы жастар Өгем өзенінің бойындағы және жол жиегіндегі ретсіз тасталған тұрмыстық қалдықтарды жинап, арнайы қапшықтарға салып, оларды техника көмегімен белгіленген қоқыс тастайтын орынға жеткізді.
✔️Бұл сенбілік – жастардың экологиялық сана-сезімін арттырып, туған өлкеге деген құрметін күшейтетін игі бастама. Мұндай игі бастамалар арқылы жастар тек тазалық жұмыстарына қатысып қана қоймай, қоршаған ортаны аялау – болашақ ұрпаққа аманат екендігін ұғынары анық.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі