«AMANAT» ПАРТИЯСЫ: КЕҢЕС МҮШЕЛЕРІ ҚҰРЫЛЫС БАРЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

13

«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы «Аймақты дамыту» өңірлік кеңесінің көшпелі отырысы өтті. Жиынға кеңес төрағасы, қалалық мәслихат депутаты Лазиз Сулайманов, қалалық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Айдын Нашенов, «AMANAT» партиясы Қаратау аудандық филиалының атқарушы хатшысы Данияр Омаров, кеңес мүшелері және партия филиалының қызметкерлері қатысты. Бұл кездесудің басты мақсаты – өңірдегі маңызды әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының құрылыс барысын тексеру және партия сайлауалды бағдарламасының орындалуын қадағалау болды.

Күн тәртібінде «Сайрам» қосалқы мектеп-интернат-колледжі» арнайы кешенінде салынып жатқан 300 орындық жатақхана құрылысының барысы және партияның сайлауалды бағдарламасының орындалу деңгейі талқыланды. Жатақхана құрылысы – білім беру саласындағы маңызды жобалардың бірі болып табылады, себебі ол білім алушылардың тұрмыс сапасын арттырып, оқу процесін қолайлы етуге бағытталған.

Қалалық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Айдын Нашенов нысандағы жұмыс жайын баяндап, жатақхана құрылысының биыл көктемде басталғанын айтты. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде, құрылысшылар материалдардың сапасына және қауіпсіздік шараларын сақтауға ерекше назар аударуда. Жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл нысанның уақытылы аяқталуы тұрғын үй тапшылығын азайтып, студенттердің және интернаттағы балалардың жайлы өмір сүру ортасын қамтамасыз етеді.

Кеңес мүшелері нысанды аралап көріп, құрылыс қарқынын арттыру және сапаны қатаң қадағалау қажеттігін атап өтті. Олар сондай-ақ құрылысқа жауапты мердігерлер мен орындаушыларға нақты ұсыныстарын беріп, жобаның мерзімінен бұрын және жоғары сапада аяқталуын талап етті.

— Бұл нысан тек білім ордасының инфрақұрылымын жақсартып қана қоймай, ондағы балалардың өмір сүру жағдайын да айтарлықтай жеңілдетеді. Сондықтан уақытында әрі сапалы аяқталуы – басты міндет. Жұмыс барысы партиялық бақылауда болады, — деді кеңес төрағасы Лазиз Сулайманов. Ол сондай-ақ білім беру саласының дамуына және жастардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған барлық жобаларға ерекше мән берілетінін жеткізді.