Еңбекші ауданының Тоғыс тұрғын алабында қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға арналған кездесу өтті.
Жиынға Еңбекші ауданы прокуратурасының прокуроры Джунусов Алибек Мухтарович, Елтай мешітінің имамы Қыдырбаев Ермахан, жергілікті учаскелік полиция инспекторы, майор Бекмұратов Абылайхан Арыстанбекұлы, сондай-ақ аудан әкімі аппаратының бас инспекторы Қалтаев Нұрсағым қатысты.
Кездесу барысында қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, этностар арасындағы өзара түсіністік пен сыйластықты арттыру, татулық құндылықтарын кеңінен дәріптеу мәселелері талқыланды.
Жиынға қатысушылар Қазақстандағы бейбітшілік пен келісімнің маңызын айта келе, көпэтносты қоғам үшін өзара құрмет пен сенім – дамудың басты негізі екеніне тоқталды. Бірлік – елдің берекесін арттыратын, татулық – тұрақтылықтың тірегі екені атап өтілді.
Кездесу барысында тұрғындар өзара пікір алмасып, күнделікті өмірде ұлттар арасындағы келісімді сақтау жолдары мен оны нығайтудың тиімді тәсілдерін талқылады. Қатысушылар жастар тәрбиесіндегі рухани құндылықтардың рөліне ерекше назар аударып, отбасы мен білім беру мекемелерінің осы бағыттағы жауапкершілігін атап өтті.
Іс-шара соңында қатысушылар қоғамдағы бірлік пен ынтымақты сақтау — әр азаматтың ортақ парызы екенін айтып, бейбітшілік пен келісімнің еліміздің дамуы мен болашағы үшін аса маңызды екеніне бірауыздан келісім білдірді.
Мұндай кездесулер халықпен тікелей байланыс орнатуға, азаматтардың ұсыныстары мен алаңдаушылықтарын тыңдауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, этносаралық татулықты сақтау жолындағы мемлекеттік саясаттың мәні мен мазмұнын түсіндіруге жол ашады.
Қатысушылар бұл бағыттағы жұмыстардың тұрақты түрде жалғасуы қажет екенін атап өтіп, қоғамдық келісім мен бірлікті нығайтуға бағытталған іс-шаралардың ел ішіндегі татулық пен тұрақтылықты сақтаудағы рөлін жоғары бағалады.