Түркістан облысы көшет өндіру мен ағаш отырғызу бойынша көш бастап тұр

57

Қазіргі таңда өңірдегі тұқымбақтардың суғару жүйелері тексеріліп, анықталған кемшіліктерді жою жұмыстары жүргізілуде.

Түркістан облысы көшет өндіру мен ағаш отырғызуда республикада көш бастап тұр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысында орман шаруашылығына қарасты жалпы аумағы 342 гектарды құрайтын 21 тұқымбақ жұмыс істейді. Былтыр жүргізілген түгендеу нәтижесінде бұл тұқымбақтарда өсірілген көшеттер саны 35 миллионнан асты. Нәтижесінде республика бойынша ағаш отырғызу көлемі мен көшетпен қамту көрсеткіші 300 пайызға жетіп, облыс алдыңғы қатардан көрінді. Қазіргі таңда өңірдегі тұқымбақтардың суғару жүйелері тексеріліп, анықталған кемшіліктерді жою жұмыстары жүргізілуде. Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков жұмыс сапары барысында Қазығұрт ауданындағы бірқатар нысандарды аралап, көгалдандыру бағытындағы жұмыстармен танысты. Атап айтқанда, ол «Жасыл желек» мекемесінің және «Жарық-жол және саябақтары» мекемесінің тұқымбақтарын аралап, олардың жұмыс барысын бақылады.

«Жарық-жол және саябақтары» мекемесіне қарасты тұқымбақ 1,2 гектар аумақты алып жатыр. Нысан 2025 жылдың қараша айында іске қосылған және толықтай тамшылатып суғару жүйесімен қамтамасыз етілген. Ал «Жасыл желек» мекемесінің тұқымбағы 20 гектар аумақта орналасқан. Мекеме басшысының мәліметінше, оның 16 гектарында 40 түрлі көшет өсіріледі. Қазіргі таңда мұнда 1,9 миллион көшет бар. Сонымен қатар арнайы жылыжай аумағы да қарастырылған. Нұрбол Тұрашбеков тұқымбақтың әлеуеті толық пайдаланылмай отырғанын атап өтті. Көшет түрлерін көбейтіп, олардың өнімділігін арттыруды тапсырды.

Жалпы, 2021–2025 жылдар аралығында облыс аумағында 3,7 миллионнан астам көшет отырғызылып, олардың орташа көнімділігі 63,5 пайызды құрады. Орман шаруашылығы нұсқаулықтарына сәйкес, қосымша үш жыл көлемінде 30 пайыз толықтыру шаралары қарастырылған. Көшеттердің көнімділігін тексеру нәтижелеріне және аудан, қала әкімдіктерінің сұраныстарына сәйкес 2026 жылы – 224,2 мың дана (15%), 2027 жылы – 149,5 мың дана (10%), ал 2028 жылы – 74,6 мың дана (5%) көшет отырғызу жоспарланған. Осылайша, алдағы үш жылда жалпы саны 448 599 қосымша көшет босатылатын болады.