Сауран ауданына қарасты Еңбекші Диқан елді мекеніндегі «Дәморда» өндіріс алаңында жалпы құны 200 миллион теңгені құрайтын балмұздақ шығаратын өндіріс орнын салу бойынша келісім жасалды. Осыған орай, ЖК «TRK Trade» директоры Жарқынбек Момбеков пен Сауран ауданының кәсіпкерлік бөлімі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат аясында тараптар өндірістік жобаны тиімді іске асыру, инфрақұрылымдық қолдау көрсету және инвестициялық ахуалды дамыту бағытында бірлесіп жұмыс істеуге уағдаласты.
Іс-шараға Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров қатысып, өңірде кәсіпкерлікті дамыту мен жаңа жұмыс орындарын ашу — ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ, мұндай өндірістік жобалардың жергілікті экономиканы әртараптандыруға және ауылдық жерлердің әлеуетін арттыруға зор үлес қосатынын жеткізді.
Меморандум аясында жүзеге асырылатын жоба іске қосылғаннан кейін өңір тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындары ашылып, жергілікті халықты тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік туады. Сонымен қатар, өндіріс орнында заманауи технологияларды пайдалану арқылы сапалы өнім шығару көзделіп отыр.
Жаңа кәсіпорынның іске қосылуы ауданның өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, азық-түлік өндірісі саласының дамуына серпін береді. Бұл бастама өңірге инвестиция тарту көрсеткіштерін жақсартып қана қоймай, жергілікті кәсіпкерліктің өркендеуіне және экономиканың тұрақты дамуына оң әсерін тигізеді.













