Мектеп асханаларына «нұротандықтардың» көңілі толмады

1602
Мектеп асханаларындағы жағдай талапқа сай емес. Бірінде желдеткіш жүйесі жарамсыз болса, енді бірінде жабдықтар түгел емес.
Бүгін «Нұр отан» партиясының өкілдері қоғамдық тамақтану саласына жауаптылармен бірге Шымкенттегі бірнеше мектептерді аралап, асханаларындағы жағдаймен танысты. Оқушылардың тамағына қатысты тексерулер кезінде тағы қандай олқылықтар анықталды?
Табағын көріп, асын іш. Ұсқынсыз ыдыстарды көрген комиссия мүшелері «қай дәуірден қалған» деп әзілдеді. Желдеткіш жүйесінің істемей тұрғанын да аңғарып қойған партия өкілдері аспаздарға ескерту жасады.
№1мектеп-гимназиясының асханасынан күніне орта есеппен 1 жарым мыңға жуық оқушы жүрек жалғайды екен. Ал білім ұясындағы жалпы оқушылар саны 4 мыңнан асып жығылады. Асхананың өндірістік қуаттылығының талапқа сай келмеуі көп мектептердегі тамақтану орындарына тән дейді «нұротандықтар».
Бахадыр Нарымбетов, «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары: «№45 мектептегі асханаларды тексеріп шықтық, асхананың өндірістік қуаттылығын тексеріп, желдеткішін көрдік. Мақсатымыз — асханалардың талапқа қаншалықты сай екеніне көз жеткізу. Ата-аналардың балалар тағамына мән беруін қадағалау».
Бұл Шымкенттегі №5 мектептің асханасы. «Ас мәзірін жиі жаңартып отырамыз» деп сендірген аспаздар дастарханға тіпті ірімшікке дейін қойған. «Асхана қожайындарын қорқытқалы емес, көмек қолын созғалы келдік» деп сабырға шақырды комиссия мүшелері оларды.
«Нұр Отан» партиясының өкілдері «тексерудегі мақсатымыз мектеп асханаларына қоғамдық бақылауды күшейту» дейді. Түптеп келгенде ата-ана назарын оқушының ас-ауқатына аударып, бракеражды комиссияның жұмысын жолға қою. Қоғамның ортақ мәселесін жұмыла бірігіп шешуге бағытталған істі, өкінішке қарай, барлығы бірдей дұрыс қабылдамайды.
Мақпал Рысбаева