ТҮРКІСТАНДА БАЛАЛАР МЕН ЖАСӨСПІРІМДЕР ТУРИЗМІН ДАМЫТУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ӨҢІРЛЕР АРАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ МЕМОРАНДУМДАРЫ ТҮЗІЛДІ

1036
Түркістан қаласының Мәдениет үйінде «Түркістан – рухани Астана» республикалық форумы ұйымдастырылды. Форум Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру бойынша 2018 жылдың 5 қазанындағы облыстарда «Өз жеріңді танып біл» атты жаппай балалар туризмін жандандыру жөніндегі шараларды қабылдау бойынша іс-шаралар жоспарын орындау мақсатында ұйымдастырылды.
Форум аясында республиканың өңірлерінде жаппай балалар туризмінің жаңаруы талқыланды. Жиында Ақмола облыстық туристер қауымдастығының төрағасы Қайрат Абайдоллаұлы «Алтын шеңбер» (бірыңғай Оңтүстік-Солтүстік-Батыс-Шығыс туры) турын жандандыру мақсатында және осы бағыттардағы пойыздарды іске қосу мақсатында Түркістан облысының басқармаларымен ынтымақтастық орнатуға ниет білдірді.
Мұнан соң, Астана қаласының Балалар және жасөспірімдер туризмі және өлкетану орталығының директоры Мэлс Қабдулұлы 2018 жылы жеткен жетістіктері мен өткізілген 48 іс-шара туралы бөлісті. Сонымен қатар ол жыл сайын «Қазақстанның Мемориалдық орындардан бастап қасиетті орындарға дейін» жобасының аясында мектеп оқушыларына экспедициялар ұйымдастыру және Астана мен Түркістан қалаларындағы балалар үшін саяхат алмасудың екіжақты әріптестігін ұсынды. Мұнан бөлек, жастар арасында фестивальдер ұйымдастырып, демалыс күндерінде түрлі сапарлар өткізу мәселелерін сөз етті.
Ал Х.А.Яссауи атындағы ХҚТУ-дың «Туризм және журналистика» кафедрасының меңгерушісі Фатих Туркмен балалар және жасөспірімдер туризмінің әлемдік тәжірибесі туралы айтып берді. Түркістан облысына жас туристерді тарту мақсатында ол түрлі бағыттағы фестивальдар мен жастар конференцияларын өткізуді және білім беру мекемелерінің базасында жазғы 3 айлық тілдік курстар түрінде іс-шаралар қабылдауды ұсынды.
Форумның қорытындысы бойынша өзара түсіністік пен ынтымақтастыққа құрылған бірқатар меморандумдарға қол қойылды. Атап айтқанда, Түркістан облысының білім басқармасы Қызылорда мен Жамбыл облыстарының білім басқармаларымен арнайы құжат түзсе, Түркістан облысының туризм және сыртқы байланыстар басқармасының «Turkistan Tourism Center» туристік ақпараттық орталығы КММ-сы мен Астана қаласы әкімдігінің «Балалар және жасөспірімдер туризмі және өлкетану орталығы» МКҚК арасында да ынтымақтастық меморандумы түзілді. Сондай-ақ, Түркістан облыстық білім басқармасына қарасты «Жас туристер станциясы» МКҚК-сы «Балалар және жасөспірімдер туризмі және өлкетану орталығы» МКҚК-мен де әріптестік құжатына қол қойды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі