Шымкентте снаряд жарылып, 2 адам зардап шекті

1186
Шымкентте артиллериялық снаряд жарылып, 2 адам зардап шекті. Бұл туралы ҚР ІІМ Ішкі және сыртқы коммуникациялар департаментінің директоры Алмас Садубаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«11 ақпан күні Шымкент қаласының екі тұрғыны ескі үлгідегі артиллериялық снарядтың жарылуы салдарынан түрлі деңгейдегі дене жарақатын алды.  Жарылыс  екі тұрғынның бірінің снарядты арамен кесуінен орын алған. Олар оны металл қабылдау орнына өткізбек болған,  — деді ол.
Департамент басшысының айтуынша, Шымкент қалалық полиция және төтенше жағдайлар департаменттері, сонымен қатар өзге де мемлекеттік органдардың мамандары мен  қызметкерлерінен жасақталған жедел тергеу тобы жарылыс орнын қарау барысында дәл сондай артиллериялық снарядтарды тапқан.
«Зардап шегушілердің туыстарының айтуынша, оқ-дәрілер түн ішінде  Арыс қаласынан металл ретінде өткізу үшін әкелінген. Қазіргі уақытта оқ-дәрілердің қайдан алынғанын анықтау шаралары жүргізіліп жатыр. ҚР Қылмыстық кодексінің 287- бабында қарастырылған қылмыс белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», — деді Алмас Садубаев.