Жаназа, ас кезінде ысырапшылдыққа жол бермеу керек — Жансейіт Түймебаев

1194
Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев өңір имамдарымен кездесіп, бірқатар өзекті мәселелерді талқылады. Кездесу кезінде аймақтағы діни ахуал тұрақты екендігін жеткізген дін саласының қызметкерлері атқарылған жұмыстарға тоқталып, алда жасалатын діни іс-шаралар жоспарымен таныстырып өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Басқосуға  Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Түркістан облысы бойынша өкіл имамы Мұсабек Ақтамберді мен «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ  директорының міндетін уақытша атқарушы Мәди Бесбаев, Жетісай ауданының бас имамы Бекзат Сыздықов  пен Төлеби ауданының бас имамы Самат Анарбаевтар қатысты. Олар облыс басшысына діни ахуалға байланысты өз ұсыныс-пікірлерін білдірді. Өзге ағымдарға қарсы ағарту және діни экстремизмнің алдын алуда жүйелі істер жүргізіліп жатқанын айтып, бірнеше бағытқа бөлінген жұмыстардың жай-күйін баяндады. Өз кезегінде қоғамдағы  жастардың тәрбиесіне айрықша көңіл бөлу керектігін баса айтқан Жансейіт Түймебаев имамдарға бірнеше мәселе бойынша тапсырмалар берді.
Діни тұрақтылықты сақтау мақсатында аудан қалаларда дәстүрлі діни бағыттағы үгіт-насихат жұмыстарын жалғастыруды тапсырды. «Халықпен мейілінше тиімді жұмыс жасау үшін Елбасы барлық жағдайды жасап отыр. Балалар, жастар үшін күнделікті жұмыс істеуіміз керек. Жаназа, ас беру кезінде ысырапшылдыққа жол бермеуді айтып келеміз. Қазақ халқына тән салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыпты насихаттап, соған мән беру маңызды», — деді облыс әкімі.