Басты Әлем ҚЫТАЙ ҒАРЫШТА КҮН ЭЛЕКТР СТАНЦИЯСЫН САЛМАҚ
Қытайлық ғалымдар орбиталық электр станция жасауды бастап кетті. Ол күн энергиясын ғарыштан тікелей алып, лазер арқылы жерге жібереді.
Қытай баспасөзінің мәліметінше, Чунцин аймағында эксперименталды базаның құрылысы салынуда. Алғашқы электр станцияны стратосфера қабатында 2021-2025 жылдары сынақтан өткізбекші. Жобаны «Чанъэ-4» аппаратын айға сәтті қондырған Космостық технология академиясы басқарады. Ол 2022 жылы өзінің космостық станциясын салуды жоспарлап отыр.
Қытай космостық программасына осы жылы бюджеттен 8 млрд доллар бөлінген. Сондай-ақ ғарышты игеру мен зерттеуге ауқымды қаржы бөлген елдердің қатарында АҚШ тұр.
Қытай космостық электр станциясы туралы «Science and Technology Daily» газеті жазды. Станцияның тағы бір артықшылығы – энергияны ауа райына, жыл мезгіліне, уақытқа тәуелсіз түрде тәулік бойы береді. Космостық технология академиясының қызметкері Пана Чжихао бұл станцияның адамзат үшін сарқылмас энергия көзі болатынын айтты.
Алайда, бұл үшін бірнеше техникалық тапсырмаларды орындау қажет. Мысалы, космостық электр станцияның салмағы шамамен 1000 тонна. Бұл Халықаралық космостық станциядан 2,5 есе үлкен. Жер бетінен мұндай үлкен станцияны ұшыру көп күш қажет етеді. Сондықтан ғалымдар оны ғарыштың өзінде ақылды роботтар арқылы салмақ. Тағы толық шешілмеген сұрақ: жиналған электр энергиясын жерге қалай жеткізу керек? Теориялық тұрғыдан лазерлік сәуле мен микротолқын ең ұтымды жол. Бірақ, әуелі олардың қандай жағдайда күшті әрі экологияға зиянсыз түрде әсер ететінін анықтау қажет.
Өткен жылы Калифорния технология институтының ғалымдары аналогиялық аппараттың прототипін жасап шыққан болатын. Ол күн сәулесін ашық космостан алып, жер бетіне жібереді. Бұған қатысты зерттеулер Еуропа, Үндістан, Жапонияда да жалғасын табуда.
Шынәділ Салтанат