ТҮРКІСТАН: БАЛАЛАР ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ БОЙЫНША КЕҢЕС ӨТТІ

1134
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен Түркістан облысындағы кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарының қорғалуы бойынша кеңейтілген кеңес өтті.
Облыс әкімінің аппараты ұйымдастырған жиынға Білім және ғылым министрінің бала құқығын қорғау мәселелері бойынша кеңесшісі Раиса Шер, қоғам қайраткері, «Милосердие» қайырымдылық қорының директоры Аружан Саин, БҰҰ балалар қорының (ЮНИСЕФ) Қазақстандағы өкілдігінің балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі үйлестірушісі Бекмұса Айсұлу,  «Bilim Foundation» қоғамдық қорының басшысы Ерлан Айтмұхамбетов, Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросы директорының орынбасары Роза Ақылбекова,  «Бала бақыты» қоғамдық қайырымдылық қорының Түркістан облысы бойынша директоры  Жанат Омарқызы, Қазақстан балалар үйлері түлектерінің қауымдастығының төрағасы Гасанов Рафаэль, Түркістан облысының прокуроры, құқық қорғау органдарының басшылығы және қала, аудан әкімдері кәмелетке толмағандардың ісі және олардың  құқықтарын қорғау  жөніндегі комиссияның құрамы және комиссия мүшелері  қатысты.
Аталған кеңеске келген Білім және ғылым министрінің бала құқығын қорғау мәселелері бойынша кеңесшісі Раиса Шер еліміздегі балалар арасындағы қылмыстың өршуіне тоқталды.
«Бүгінгі басқосуда қозғалып отырған мәселелер өте маңызды. Қазіргі жасөспірімдер заманның көшінен қалмай, жаңа технологияны меңгеруде. Көбінесе жасөспірімдер бос уақытын әлеуметтік желіде өткізеді. Сондықтан қоғамда құқық бұзушылық, зорлық-зомбылық, өзін-өзі өлтіру секілді жайттар орын алуда», – деді Р. Шер.
Сондай-ақ жиында сөз алған «Милосердие» қайырымдылық қорының директоры Аружан Саин балалар арасындағы зорлық-зомбылық оқиғаларын атап өтті.
«Оқушылар арасында қылмыс орын алған жағдайда жергілікті атқарушы билік, мектеп директоры заңсыздыққа жол бермеу қажет. Қылмыстың ашылуына, балалар құқығының қорғалуына кедергі болмаса ғана бізде әділеттілік орнайды. Егер оқушы мен ата-ана келіп, баласының әлімжеттікке, зорлық-зомбылыққа ұшырағанына шағымданса, мұғалімдер мен мектеп директоры, шенеуніктер полиция мен прокуратура шақыруы керек. Ары қарай қылмыстық ашылуына кедергі келтірмеуі тиіс», – деді А. Саин.
Келелі кеңесті өткізуге мұрындық болған өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев аудан әкімдеріне, прокурорларға және полиция жетекшілеріне сауал қойып, нақты тапсырмалар берді.
 «Кәмелет жасқа толмаған балалардың бос уақыты көп. Сондықтан, олар құқық бұзушылық, зорлық-зомбылық, өзін-өзі өлтіру секілді әрекеттерге барады.  Аудандар мен ауылдарда балалардың уақытын тиімді пайдаланатын үйірмелер жоқ. Біз олардың қызығушылығын арттыратын, тұлға ретінде қалыптасуына әсер ететін  спорт кешендерін, үйірмелер, қосымша білім беретін курстар ашамыз.
Мұндай басқосулар бос сөз болмауы тиіс. Кәмелетке толмаған балалардың қылмыс жасау әрекетін бөліп қарастыруымыз қажет. Қылмыс жасаған адам жазасын алуы тиіс. Егер қажет болса, мектеп директорлары мен білім бөлімдеріне тиісті шара қолданатын боламыз», – деді облыс әкімі Ө. Шөкеев.
Айта кетейік, Түркістан облысының әкімдігі алдағы уақытта жас ұрпақтың тағдыры үшін жұмыс атқарып жүрген БҰҰ-ның қорлары мен республикалық, облыстық деңгейдегі үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп нақты жұмыстар атқаруды көздеп отыр.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызм