Үкіметтік жұмыс тобы Шымкент тұрғындарымен кездесті

1077
Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік іс-шаралар бастамасын жан-жақты түсіндіру мақсатында үшінші мегаполиске жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова бастаған топ іс-сапардың  екінші күні Шымкенттегі бірқатар нысандарды аралады. Вице-премьер бастаған делегация алдымен М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың оқытушыларымен, студенттерімен кездесті.
Гүлшара Әбдіқалықованың айтуынша, бүгінгі таңда Жастар жылы аясында жол картасы әзірленген, онда бес бағыт бар. Бірінші бағыт — еңбек етіп жүрген жастарды баспанамен қамтамасыз ету. Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкент қалаларында жыл сайын жас мамандарға арналған 1 мыңға жуық арендалық тұрғын үй тұрғызу жоспарда бар. Ал екінші бағыт жастарды еңбекпен қамтуды көздейді. Осыған орай «Жас кәсіпкер» бағдарламасын жүзеге асыру қарастырылған. Үш жылдың ішінде 60 мың жас азамат кәсіпкерлік негіздері бойынша оқытылады. Үшінші бағытта білім беру мен еріктілер ұйымдарын дамыту жоспары бар. Қазір «Жас маман» деп аталатын бағдарлама қолға алынуда. Осы бағдарлама арқылы сұранысқа ие 100 индустриалды және сервистік кәсіптер бойынша мамандар дайындалады. Бұл бағыттағы жұмыстар еліміздегі 20 алдыңғы қатарлы жоғары оқу орыны мен 180 колледж базасында жүзеге асырылады. Сонымен қатар, вице-премьер төртінші бағытта жастардың әлеуметтік белсенділігін дамыту көзделетіндігін айтты. Бұл бағытты «Жасыл ел» қозғалысының «Жасыл қала», «Жасыл ауыл» ортақ ұлттық жобасының аясында жүзеге асыру қарастырылып отыр.
Білім және ғылым министрі К.Шәмшидинова жастарға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқау қолдаулар мен білім беру жүйесін жетілдіру шаралары туралы айтты.
– Елбасының 5 әлеуметтік бастамасының аясында қосымша 20 мың грант берілді. Бұл – Жастар жылында ерекше қолдау. Жастар үшін жатақхана мәселесі де өзекті. Бұл бағытта бүгінде 20 келісім-шарт жасалып жатыр. Оның ішінде, Шымкентте әзірге 3 келісім-шарт түзілді. Атап айтсақ, екеуі – педагогикалық университетте, біреуі медициналық академияға тиесілі, — деді министр.
Бұдан соң үкіметтік топ «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағына барып, «Алем БТ»ЖШС, «LuxShoes» бірлескен кәсіпорнында және «Бал текстиль» фабрикасының жұмыстарымен танысты.
Сондай-ақ, вице-премьер Шымкенттегі «Қайнар» бизнес орталығында жергілікті кәсіпкерлермен кездесті. Гүлшара Әбдіқалықова бизнес қауымдастықтары мен кәсіпкерлерге тұрмысы төмен отбасыларға барынша көмек көрсету керектігін айтып, олардың түйткілді мәселелерін дер кезінде шешуде белсенді болуға шақырды.
Айта кетерлігі, Шымкентте халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау мақсатында 2019 жылы қалалық бюджет қаражаты есебінен 100 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған, оның 30-ы — тұрғын үй құрылысы, 15-і — білім саласы, 36-ы – инженерлік инфрақұрылымдарды жаңғырту, 19-ы – көлік инфрақұрылымы бойынша. Оларды жүзеге асыру нәтижесінде 22 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Сондай-ақ, жақын уақытта Шымкентте мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін арнайы ғимарат салынбақ.
Премьер-министрдің орынбасары қалалық аймақтық арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына да барды. Мұнда емдеу-түзету жұмыстары әр келушінің сұранысына және қажеттілігіне қарай жасалады. Сонымен қатар олардың ортаға бейімделуі, әлеуметтік мәселелерін шешуге көмектеседі. Жыл сайын орталықта 300 адам сауықтырылады. Бүгінге дейін орталықта 227 адамға арнайы әлеуметтік қызмет түрлері көрсетілген.
Вице-премьер қалалық жұмыспен қамту орталығында да болды. Жыл басынан бері 5810 азаматқа қызмет көрсетілген. Оның ішінде 2437 адам тұрақты жұмысқа тұрғызылған. Орталықтың мәліметінше, 5430 бос жұмыс орындарына құжаттар қабылдануда. Г.Әбдіхалықова жұмысты жүйелеп, ширата түсуді тапсырды.
Үкімет басшысының орынбасары тұрмысы төмен, көпбалалы отбасылардың жағдайымен танысып, сауалдарына жауап берді. Сапар соңында қоғамдық қабылдау өткізді. Оның барысында көпбалалы ана Әзиза Маманазарованың тұрғын үй мәселесі шешілді. 5 баласы бар ана мамыр айында көптен бергі арманына қол жеткізіп, баспаналы болмақ.
ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ