Басты Қазақстан Причем тут выборы? Тұрғымбаев Алматыда плакат үшін ұсталғандар жайында
Жас балалар спорттық шараның өтуіне кедергі жасағаны үшін қамауға алынды.
Үкіметте ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Алматыдағы марафон кезінде орыс тілінде «Шындықтан қаша алмайсың» деген жазуы бар плакат жайғаны үшін ұсталған жастар – Ася Тулесова мен Бейбарыс Толымбаевқа қатысты сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.
– Иә, кеше екі азамат ұсталды. Білесіздер, Алматы қаласында үлкен марафон өтті, оған 17 мың азамат қатысты. Трассаның бойында Толымбаев пен Тулесова деген екі азамат плакат жайды. Сол әрекетімен митинг, шеру және демонстрациялар өткізу туралы заңды бұзды, оның үстіне, плакатты көрген адамдар тоқтап, фото-видео түсіре бастаған, осылайша марафонның өтуіне кедергі жасалды, – деді ол.
Министр екі жастың ұсталғанын, олардың сот шешімімен 15 тәулікке қамауға алынғанын айтты.
Алайда Тұрғымбаев жастардың плакатындағы жазуда алдағы президенттік сайлауды меңзейтін ешқандай ұран болған жоқ деп қадап айтты.
— Саяси ұрандар болған жоқ (…). Причем тут выборы? Спорттық шара өтті. Ол алдын ала жоспарланған шара, қалада афишасы болған. 17 мың спортшы қатысты. Сол кезде екі адам плакат жайып, спорттық шараның өтуіне кедергі жасайды. Бұл заң бұзушылық емес пе? Заң бұзушылық. Олар спорттық шараны өткізуге кедергі жасады. Сол үшін ұсталып, сотқа жеткізілді, әкімшілік кодекстің 488 бабына сәйкес әкімшілік қамауға алынды, – деді Тұрғымбаев.
Министрдің айтуынша, қазір Алматының полиция департаменті осы жайтқа байланысты брифинг өткізуде.