Арыстағы көпқабатты үйлердің шатыры мен сыртқы көрінісі біркелкі болуы керек — әкім

949
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жарылыс болған  17 сектордың жұмысын жандандыру жөнінде тапсырма берді. Бұл туралы өңір басшысы Арыста өткен апталық аппараттық мәжілісте айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 
Өңір басшысы қысқа мерзімде Арыс қаласын қалпына келтіру, тұрғындарға жағдай жасау бағытындағы барлық мәселені талқылап, осы жауапты міндетті отаншылдықпен, жанашырлықпен атқару керектігін айтты. Халықтың мұқтажын жедел шешу керектігін атап өтті. Әрбір сектордың жұмысын өңір әкімдерінің және аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары және Арыс қаласынан бір жауапты өкіл, жалпы саны 51 адам үйлестіретін болды. Жеке-жеке штаб құрып, үй құрылысы, гуманитарлық көмек тарату, қауіпсіздікті сақтау, қаланы тазарту, тұрғындарды ақпараттандыру және өзге де мәселелер бойынша күн сайын мәлімет беріп отырады деп жоспарланды.
Аппарат мәжілісінде ШҚО, Атырау, Қарағанды, Жамбыл, Маңғыстау облыстары және Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасарлары мен жауапты өкілдерінің мәліметтері тыңдалды. «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының жауапты өкілдері де өздеріне тапсырылған жұмыстардың барысы туралы баяндады. Аудан әкімдерінің орынбасарлары да өздеріне жүктелген аумақ бойынша есеп берді.
null
Бүгінде Арыс қаласындағы үйлерді тексеру, құрылыс нысандарының жобалық-сметалық құнын есептеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кей үйлердің терезелері ауыстырыла бастаған. Барлық сектор бойынша үйлерді тексеру, акт толтыру жұмыстары аяқталуға жақын. Мердігерлер анықталып, құрылыс бригадалары жасақталған.
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев қаладағы көпқабатты үйлердің шатыры, сыртқы көрінісі жинақы әрі біркелкі болу керектігін ескертті. Азық-түлік үлестіру және өзге де жұмыстарды үйлестіруге жергілікті белсенді тұрғындарды тартуды тапсырды. Сонымен бірге жиында қаланы ауыз сумен, электр қуатымен үздіксіз қамту, балаларды демалыс орындарына жіберу, өрт қауіпсіздігін сақтау, атаулы әлеуметтік көмектерді уақтылы аудару мәселелері де талқыланып, нақты жоспарлар жасалды.