Зейнеткерлер емес, жастар депутат болсын…

901
Өткен аптаның соңында Парламент Палаталарының бірлескен отырысы өтіп, алтыншы сайланған ҚР Парламентінің төртінші сессиясы аяқталды. Депутаттар демалысқа кетті. Шынын айту керек, бұл жолы да біздің депутаттар тың тіршілік тындырған жоқ. Бұрынғыдай қалғып-мүлгіп отырып, тағы бір жылды өткеріп тастады.
«Жұрттың Ыбырайы-Ыбырай, біздің Ыбырай-сұмырай» дегендей өзге елдің депутаттары парламент еденін тепкілеп отырып, өз ұсыныстарын айтып, халықтың сөзін билікке жеткізіп жатады. Заң тармақтарын талқылағанда бір-бірінің бет-жүзіне қарамай, әділдіктің ақ туы үшін күреседі. Ал біздің парламент палатасында қаншан да өлі тыныштық. Жоғарыда «бір жылды қалғып-мүлгіп отырып өткізді» дегенді де осы үшін айтып отырмыз. Біздің елде өзгеше ойлап, өз пікірін айта алатын депутат бар ма екен осы?! Бәрінікі сол «Көп айтса көнді, жұрт айтса болды…». Кез-келген талқылауға қарсылық танытпайды, «қосылам» деп қол көтеріп отыра береді.
Бұл сіз бен біздің ойымыз. Ал біздің зейнеткер депутаттар өздерін «халық қаһарманы» санайды. Олардың ойынша, елдің тірегі де, жүрегі де өздері. Бұл сөзіміздің дәлелі 5 шілде өткен сессияның қорытынды отырсында мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин бастап, бір жыл бойы тындырған істеріне таңдай қаға тамсанды. Олардың айтуынша, Парламенттің төртінші сессиясы өте маңызды және тарихи кезеңде аса қажетті заңдарды қабылдаған.
«Қай қоғамда болса да, қай уақытта болса да заңның орны әрқашан да ерекше. Себебі, заң бар жерде әділдік, бостандық және тыныштық бар. Осы жолда Парламент еліміз үшін, халқымыз үшін көптеген қажетті заңдарды қабылдады. Онда Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың төртінші сессияның ашылуында берген тапсырмалары мен Қазақстан халқына Жолдауы басшылыққа алынды», — деген Нұрлан Нығматулин дәстүр бойынша атқарылған жұмыстарға есеп берді.
«Сессия барысында қос палатаның 5 бірлескен отырысы, Мәжілістің  41 және Сенаттың 26 жалпы отырысы өтті. Онда 319 маңызды мәселе қаралды. Жалпы, төртінші сессия басталған кезден 83 заң жобасы қабылданды. Оның ішінде 82 құжатқа Мемлекет басшысы қол қойып, олар өз күшіне енді», — деді мәжіліс төрағасы.
«Маңызды заң жобаларының қатарында Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласының атауын Нұр-Сұлтан деп өзгерту жөнінде бастамасына орай, депутаттар «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер енгізу туралы» Заңды қабылдады.
Сонымен бірге, Елбасының бастамасымен қасиетті Түркістан облысы және Шымкент қаласының алдағы даму жоспары Конституциялық заңмен бекітілді», — деп жазды мәжілістің баспасөз қызметі.
«Айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жарады» деген сөз осындайда айтылады. Сессия бойы аса маңызды тарихи мәселелерді талқылап, өте қажетті заңдар қабылдадық деп мақтанғанымен, дәлел ретінде ауыз толтырып айтарлығы осы ғана болыпты. Аталған жобаларды қабылдауда депутаттар ешқандай рөл атқарған жоқ. Президент ұсынды. Ал депутаттар еш талқылаусыз «төрт аяқтап» (мәжіліс депутатының сөзі) қолдады.
«Қабылданған әрбір заң, ең алдымен, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың стратегиялық және әлеуметтік бастамаларын орындауға бағытталды», — деді мәжіліс төрағасы. Алайда бұл да есеп беру үшін айтылып отырған сөз. Әйтпесе, 2018 жылы 5 қазандағы Елбасы Жолдауында міндеттелген «Педагог мәртебесі туралы» заң әлі қабылданған жоқ. Спикердің айтуынша, бұл мәселе келесі сессияда қаралатын заңдар қатарында екен.
Сонымен, бір жылдық жұмыстарына нүкте қойған депутаттар демалысқа кетті. Енді күз айнала келесі, бесінші сессияның жұмысы басталады. Ол сессияда да халық қалаулылары қазіргі бағытынан таймай, ілініп-салынып жұмыс істей беретініне бәс тігуге болар еді…
Алайда, ел арасында алтыншы шақырылымның аяқталғаны туралы сөз көп. Көп адамның пікірінше, биыл қалайда жаңа мәжіліс сайлауы өтеді. Ондай болғанда қазіргі депутаттар жылы креслосымен қоштасып, орнын өзгелерге босатады.
Мәжілістегі қазіргі 107 депутаттың ішінде зейнет жасынан асып кеткендер аз емес. Анықтап айтқанда, 33 депутат зейнеткерлік жасқа толған. Олардың арасында 81 жастағы Владислав Косарев, 74 жастағы Қуаныш Сұлтанов, 72 жастағы Тұрғын Сыздықов сынды ақсақалдар мен 68 жастағы Гүлжан Қарақұсова, 64 жастағы Екатерина Никитинская қатарлы әжелер де бар.
Ал негізгі заң шығарушы органнан орын таба алған жастардың саны саусақпен санарлық қана. 40 жасқа толмаған депутаттардың саны онға да жетпейді. Осыған қарап, мәжілісті нағыз «зейнеткерлер ордасы» деген пікір жиі айтылады.
Сонымен қатар, мәжілісте Қазақстан халықтық коммунистік партиясының атынан бірнеше депутат отыр. Қызыл коммунистер басқарған қызыл империядан тәуелсіздік алып, мәңгілік ел болуды мақсат еткен Қазақстан Республикасының заң шығарушы органында коммунистік партияның отырғанына көз жұма беруге енді болмайды.
Коммунистік партияның қандай партия екені, қазақ халқына қандай нәубет әкелгенін көзі ашық жұрттың бәрі де біледі. Әлемнің көптеген елдерінде тыйым салынған бұл партия елімізде еркін жұмыс істеп, Парламентте отыр. Кеңес одағының коммунистік партиясы мен Қазақстанның коммунистік партиясы айтар ауызға бөлек болғанымен, түбін қусаң тым жақын. Бұған дәлел, әдетте бар-жоғы білінбейтін біздің коммунистер Кеңес одағының иісі шығатын шараларда белсенділік танытып, бастамашы болып жүреді.
Қазақстан секілді коммунистік жүйеден аса ауыр қысас көрген, ұлттық геноцидке ұшыраған елде коммунистік партияның болуы, әрі биліктің қолдауына ие екені барып тұрған қателік. Елдің саяси-мәдени өміріне мүлде араласпайтын, қоғам дамуына еш пайдасы жоқ партияның ел билігінен, заң шығарушы органнан аластатылатын уақыты жетті.
Сөз соңында айтпағымыз, егер биыл шынмен парламент тарап, жаңа мәжіліс сайлауы өтер болса, жаңадан сайланар депутаттардың жас ерекшелігі мен идеологиясына мән берген жөн. Елдегі негізгі заң шығарушы органға зейнеткерлерді қаптата бермей, жұмыс істеуге жігері бар жастарды тартқаннан еш ұтылмаймыз. Оның үстіне биыл — «Жастар жылы». Сол үшін де жастарға мүмкіндік беріліп, олардың білімі мен күш-жігерін пайдаға асыру керек. Екінші мәселе, тәуелсіз Қазақстанның төріне енді қызыл империяның қалдығы кәрі коммунистерді шығарудың қажеті қалмады деп есептейміз.
Қуаныш Қаппас
Abai.kz