Сарыағаш ауданында тұрмысы төмен отбасылар қажетті азық-түлікпен қамтылуда

1036
Түркістан облысының Сарыағаш ауданында «Қамқорлық» жобасы аясында тұрмысы төмен отбасылар қажетті азық-түлікпен қамтылуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыс әкімі тарапынан жүктелген тиісті тапсырмаға сәйкес, ауданның барлық ауылдарындағы көмекке мұқтаж жандарды анықтап, оларға нақты көмек көрсетіліп жатыр.
Аудан әкімі, Nur Otan партиясы аудандық филиалының төрағасы Мұхит Отаршиев аталған жоба аясында Қызылжар және Құркелес ауылдық округтеріндегі аз қамтылған тұрғындардың үйіне барып, жағдайларымен танысты.
Аудан басшысы ауылдағы кәсіпкерлерді тарту арқылы мұқтаж жанұялардың талап-тілегін тыңдады. Әрбір отбасына азық-түлік себетін табыстады. Жұмысқа қабілетті азаматтарын қайта оқу курстарына жолдама беру арқылы жұмысқа тұруына ықпал ететін болды. Сондай-ақ, әлеуметтік көмек көрсету сынды мәселелер бойынша тұрақты көмек көрсетіліп тұратынын жеткізді.
Аудан басшысының айтуынша, аталған бағдарлама мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақы мен көмектен бөлек жүзеге асады. Тұрмыс тауқыметін тартқан жандарға жан-жақты қамқорлық көрсету арқылы, кедейлік шеңберінен шығуға мүмкіндік береді. Еңбекке қауқарлы азаматтарды жұмыспен қамтуға жағдай жасалады. Мұндай отбасыларды анықтау үшін бүгінде ауданда арнайы комиссия құрылып, оның құрамына ауыл ақсақалдары мен жергілікті белсенділер енгізілген.