Ағымдағы жылдың 12 ақпанында Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен келген Агенттік жанындағы республикалық ақпараттық-ағартушылық штаб төрайымы Ырза Тұрсынзада мен Агенттіктің ресми өкілі Арман Бердалин облыс жастарымен кездесті.
Шараға жергілікті жоғарғы оқу орындары мен колледждердің 400-ге жуық студенті қатысты.
Кездесу барысында сөз сөйлеген штаб төрайымы Ырза Тұрсынзада Штабтың құрылу мақсаты жөнінде ақпарат беріп, өскелең ұрпақты парасатты, адал әрі әділ болуға, қоғам арасында ежелден қалыптасқан құндылықтарды сақтауға шақырды.
«Агенттік игі бастама көтеріп, белсенді қоғам өкілдерінен құралған сыбайлас жемқорлыққа қарсы ақпараттық ағартушылық штаб құрды. Бүгін міне жұмыс сапарымыз барысында сіздермен кездесіп отырмыз. Шынымды айтсам, ақтөбелік жастарға әрқашан риза боламын» — деп, өз ілтипатын білдірді Ырза Тұрсынзада.
«Біреудің ала жібін аттама деген халқымыз өзгенің жайлауын рұқсатсыз басспай, парасаттылық пен ұятты барлығынан биік қойған. Адал сөзге арсыз ғана тоқтамайды. Сіздер аппақ парақ секілді өмірді енді бастағалы жатырсыздар. Сондықтан, бүгін біз айтқан сөзді көкейге түйіп, жүрекке жеткізесіздер деген сенімдемін» — деді.
Агенттіктің ресми өкілі Арман Бердалин өз кезегінде, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы алдын-алу шараларының маңыздылығы жөнінде баяндап, жастарды уақытты дұрыс жоспарлауға, адал білім алуға, бәсекеге қабілетті маман болуларына өзінің тілектестігін жеткізді.
«Мен сіздерге бір оқиға айтып берейін… Елдің бір түкпіріндегі беделді ақсақал тұрғындарға арнап емхана салып, өмір бойы соны өзі басқарған. Кейін абыроймен зейнетке шықты, орнына — бас дәрігер лауазымына өзінің қызы келеді. Таныс-тамыр, сыбайластық емес, расында да білімі мен еңбегі сәйкес болған соң. Алайда, қызының аяғы шаланып, 150 мың теңге пара алып тұрған жерінде ұсталып қалды. Бұны уайымдап, қайғырған анасы төсек тартып, кейін дүние салады. Ел арасында ерекше құрметке ие әкесі, көрші-қолаңнан ұялып, тіпті, көшеге шығуға беті болмай қалады. Енді ой жүгіртіңіздерші, әлгі азаматша 150 мың теңгеге өзінің анасын қайтарып ала ала ма? 150 мың теңгеге асқар таудай әкесінің беделін қайтарып ала ала ма? Ойланбай жасаған бір әрекет – өмір бойғы өкінішіне айналып бітті.
Осы орайда, біздің әкелеріміз не дейді? Пайдасын ойлағандар пара берет, арсыздар ақша көрсе ала берет, өтінем, адал болшы айналайын, біздерге байлық емес, бала керек дейді. Құрметті жастар, бауырлар, әрқашан да адал болып, ата-ананың үмітін ақтауға сіздерді шақырамын» — деді Арман Бердалин.
Жиналған жастар Штаб мүшелеріне алғыс білдіріп, өздерін қызықтырған сұрақтарына тиісті жауаптар алды.
Управление превенции и добропорядочности Департамента Агентства РК по противодействию коррупции (Антикоррупционная служба) по Актюбинской области.