БІЛІМ ҰЯЛАРЫНДА ҰЙЫМДАСТЫРЫЛҒАН КӨРМЕЛЕР ЖАҢАША БАҒЫТТА ӨТТІ

1672
«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі Шорнақ елді мекеніндегі Құрбанбай Ырысбеков атындағы №5 мектеп интернаты мен Шорнақ жалпы орта мектебінде Алтын Орданың 750 жылдық мерейтойы және  «Ұлы даланың жеті қыры» атты лекция-көрме өткізді.
Көрмеге қазақтың тұрмыс-тіршілігінде қолданыста болған этнографиялық жәдігерлер мен Алтын Орда дәуіріне тән Сарай аль-Джадид, Сығанақ қалаларында соғылған 40 дана нумизматикалық жәдігерлер қойылды.
Көрме-лекция негізгі 4 бөлімнен құралды.
Атап айтсақ, көрменің бірінші бөлімінде музейдің экскурсоводы С.Ералиева Қ.А.Ясауи кесенесіне қатысты қызықты экскурсиялық лекция оқыды.
Екінші бөлімде музейдің нумизматикалық жәдігерлер қорының қор сақтаушысы Т.Жолдасов музей қорында сақтауға алынған, Алтын Орда мемлекетінің XIV ғасырларға тән, тұрмыста қолданыста болған жәдігерлері туралы лекция-көрме өткізді.
Үшінші бөлімде Т.Жолдасов елдімекені тұрғындарының қолдарында бар көне дүниелерді музей қорына өткізудің артықшылықтары, әлемдік тәжірибеде жәдігерлерді музейлерге сый ретінде өткізу үрдісінің тарихы, музейге жасалған сыйлардың әлемдік музейлердің қалыптасуындағы орны туралы дәріс жүргізілді.
Ал төртінші бөлімде музейдің этнографиялық жәдігерлер тобының қор сақтаушысы Д.Адиев музей баспа өнімдерінен құрылған кітап көрмесін таныстырып, музейдің тыныс-тіршілігі, атқарып жатқан жұмыстары жайында мәліметтер берді.
Көрме соңында аталған білім ұяларына музейдің баспа өнімдері сыйға берілді.
«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметі