Түркістан жастарының белсенділігі жоғары. Бұл туралы «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы Елнұр Бейсенбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Әрбір жастың жеке жетістігі – тұтас Отанымыздың табысы» деген Тұңғыш Президент, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жастарға әрдайым айрықша көңіл бөлетінін білесіздер. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Жастар жылын қорытындылап, волотерлар жылын бастап отырмыз. Алдағы уақытта бұл бағытта көптеген жұмыстар атқарылып, ілкімді істер жүзеге асады», – деді арнайы Түркістан облысына келген «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы Елнұр Бейсенбаев.
Мұнан соң Елнұр Сабыржанұлы облыстық Жастар ресурстық орталығының жұмысымен танысты.
Көпфункционалды жаңа үлгідегі Жастар орталығы бір мезетте 400-ге жуық жасқа қызмет көрсете алады. Орталықта «Жастарға қызмет көрсету» орталығы, «Мобильді топ», Turkistan HUB coworking zone, IT PARK, Робототехника мектептері, Коворкинг алаңы, электронды кітапхана, «Жас сарбаз», «Еріктілер мектебі», «Құрылыс жасақтары», «Тілдер мектебі», түрлі жастар ұйымдары және психологиялық терапия секілді көптеген жастар клубтары, мектептер мен үйірмелер жұмыс жасайды. Сондай-ақ, ғимарат ішінде «relax zone» демалыс аймағы, ғимараттың сыртқы бөлігінде футбол, волейбол, баскетбол, теннис ойнауға арналған спорттық алаңшалар орналасқан.
Орталықта «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Б. Бәйбек пен «Jas Otan» Жастар қанатының төрағасы Е.Бейсенбаев белсенді жастармен кездесті.
Жиында табиғат жанашыры, эколог Ғани Назарбек жануарлар әлемі мен өсімдіктерді қорғауда және экологияны таза ұстау бағыты бойынша партия тарапынан қандай жұмыстар атқарылатындығын сұрады. Ал, Түркістан облыстық жобалық кеңсенің PR-менеджері Гүлжамила Сәрсенбайқызы партия мен журналистер арасында тығыз қатынас орнатып, түрлі ой қозғайтын клуб құрылса деген ұсынысын жеткізді. «Шапағат» қайырымдылық қорының президенті Еркінбай Шалтан «Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға партия тарапынан көрсетілетін қолдаулар күшейтілсе» — деді.
Еркін пікір алмасу форматында өткен басқосуда қоғамдағы өзекті мәселелерді шешу жолдары талқыланды.
Атап өтейік, киелі шаһарға ат басын бұрмас бұрын «Jas Otan» Жастар қанатының төрағасы Кентау қаласындағы Б.Момышұлы ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, батыр есімін иеленген білім ордасындағы музеймен танысты. Оқушылармен кездесіп, білімді де, білікті жастарды қолдауға бағытталған маңызды жобаларды түсіндірді.
Сондай-ақ, машина жасау саласында мақтанышқа айналған «Кентау трансформатор зауытында» болды. Кәсіпорында бүгінде 1200-ден астам жұмысшы еңбек етеді. Оның 1000-ға жуығы «Nur Otan» партиясының мүшелері. Ал, 500-ге жуық жастардың басым бөлігі «Jas Otan» Жастар қанатының мүшелігіне енген.
Бұдан кейін, Кентау қалалық «Jas Otan» Жастар қанаты мен «Жастар ресурстық орталығында» және Түркістан қаласындағы «Кеңес орталығы» консалтинг орталығының жұмыстарымен танысқан Елнұр Сабыржанұлы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің студент жастарымен де жүздесті.