Биыл Наурыз мейрамы 9 күн тойланады

1365
Қазақстан даму институты әзірлеген жаңа тұжырымдамада Наурыз мейрамы тоғыз күн ішінде өтетіні, әр күннің өз атауы болатыны туралы жазылған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде «Наурыз мейрамын мерекелеудің жаңа тәсілдері» тақырыбында өткен брифингте айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
14 наурыз – Көрісу (Амал) күні. Бұл күні жұрт бір бірін ұлыстың алғашқы күнімен құттықтап, төс қағыстырып сәлемдесіп, көрісу рәсімін жасайды. Бір-бірімен араздасқан адамдар өзара кешірім сұрайтын, арасы алыстаған ағайын жақындасатын күн.
15 наурыз – Шежіре күні. Бұл күні отбасының, ел-жұрттың, жеті атаның тарихы айтылып, шежіресі таратылады. Сонымен қатар, жұртшылық мал сойып, өмірден озған ата-бабаларына құран бағыштайды. Әр отбасының үлкендері өмірден өткен ата-бабаларының, ағайын-бауырдың жақсы істерін, қуанышты сәттерін кейінгі ұрпаққа әңгімелеп береді. Елдің, өлкенің тарихы, ерлігі баяндалады.
16 наурыз – Жайлау күні. Айнала табиғатпен біте қайнасып өмір сүру көшпелі қазақ дүниетанымының бір бөлігін құраған. Бұл күні адамдар табиғат аясында серуен құрып қанай қоймай, сонымен қатар ондағы қоқысты тазартып, тал егіп, көшет отырғызады. Бұл өскелең ұрпақтың экологиялық, зияткерлік санасын дамытуға септігін тигізеді және денсаулығын жақсартады.
17 наурыз – Игі істер күні. Бұл күні әр адам мүмкіндігі келетін бір жақсы іс жасайды.
«Волонтерлердің қатысуымен түрлі іс-шаралар өтеді. Сонымен қатар, наурызды тойлау апталығының бұл күні жоқ-жітімге, жарлы-жақыбайға қол ұшын беруге арналады. Жомарт жүректі азаматтар қоғамдық маңызы бар объектілер салуға, жөндеуге атсалысады. Осы күні жергілікті әкімдіктер түрлі қайырымдылық акцияларын ұйымдастырады», — дейді «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты жанындағы Рухани жаңғыру орталығының басшысы Жанар Бұқанова.
Ол әр атаулы күнді лайықты өткізуге шақырды.
«18 наурыз – Шымырлық пен шеберлік күні. Бұл күн ұлттық спортқа арналады. Жер-жерлерде, ипподромдарда ересектерге арналған көкпар, бәйге, қыз қуу, аударыспақ ұйымдастырылады. Ал, балалардың асық ату, ләңгі, тоғызқұмалақ, дойбы, арқан тартыс, қап киіп жарысу, жаяу тартыс, садақ ату т.б. ойындар ойнауына арналып арнайы орындар жасалады», — дейді ол.
19 наурыз – Зияткерлік күні. Осы күні балалардың зияткерлік әлеуетін, ақыл-ойын дамыту мақсатында мақал-мәтелдер, жұмбақтар, жаңылтпаштар, жырлар мен эпостардан үзінділер айтылады. Жастардың дәстүрлі қазақ мәдениетіндегі баланың санасын дамытуға бағытталған басқа да амал-тәсілдері дәріптеледі.
20 наурыз – Жоралғы күні. Бұл күні әдет-ғұрып, салт-дәстүрлер айшықталады. Ұмыт бола бастаған жоралғылар жаңғыртылады, барлары заман талабына сай дамытылады. Салт-дәстүрдің, ырым-жырымның адам мен қоғам өміріндегі маңызы түсіндіріледі.
Осы күні әр адам жақындарына сый-сияпат жасайды. Осы мақсатта коммерциялық ұйымдардың арнайы «Nauryz сыйлық» әзірлеуін қамтамасыз етуі керек. Ол адамдардың қалтасына қарай әртүрлі бағада болғаны жөн.
21 наурыз – Ұлттық тағамдар күні. Бұл күні әр үйдің дастарханында ұлттық тағамдар самсап тұрады. Қазақ ас мәзіріндегі көптеген тағам түрлері әзірленеді. Ұмыт бола бастаған, кең таралмаған тағамдарды жасаудың әдістері үйретіледі.
22 наурыз – Бұқара күні. Таңмен таласа барлығы күн шапағын қарсы алады, одан әрі бұқаралық мерекелік шеруге ұласады. Бұл күні арнайы орындарда мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылады.