ҚАЛЫБАЙ ТАСҚҰЛОВ ПЕН АЛИМ ХАКИМОВ — ҚАЙ ЕЛДІҢ БАТЫРЛАРЫ?!.

1985
Оңтүстік Қазақстан (кейіннен Шымкент, қайтадан Оңтүстік Қазақстан деп аталған, қазіргі Түркістан) облысының құрамында 1932-1956 жылдары Бостандық деген аудан болғанын біреу білсе, біреу білмес. Себебі, солақай саясттың салдарынан 1956 жылдың ақпан айында аталмыш аудан көршілес Өзбекстандағы Ташкент облысының қарамағына еріксіз беріліп кеткен болатын. Міне, осы ауданнан Ұлы Отан соғысына аттанып, қанды майданда көрсеткен ерен ерліктері үшін Кеңес Одағының Батыры атанған Қалыбай ТАСҚҰЛОВ пен Алим ХАКИМОВ сынды азаматтар шыққан. Олардың есімі 1969 жылы «Қазақстан» баспасынан «Отанымыздың айбынды қорғаушыларына арнаймыз» айдарымен жарық көрген «Кеңес Одағының қазақстандық Батырлары» атты қостомдықтың (құрастырушылар — П.С. Белан, Н.П. Калита) екінші томына енген. Өкінішке орай, бүгінгі ұрпақ бұл екеуінің қай елдің қаһармандары екенін жете біле бермейді. Өйткені, Шымкенттейін шырайлы шаһарда 2015 жылы Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойына орай ашылған Даңқ мемориалында есімдері алтын әріппен қашап жазылған елушақты Кеңес Одағының Батыры мен «Даңқ» орденінің толық иегерлерінің арасынан әлгілердің аты-жөнін кезіктіре алмайсыздар. Ал Ташкент пен бүгінгі Бостандық ауданының орталығы — Ғазалкент қаласындағы Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің құрметіне орнатылған ескерткіш тақтада олардың аты-жөнінің бар немесе жоқ екені бізге белгісіз. Сонда бұл екеуі қай елдің қаһармандары болғаны?!.
Оқырмандарға бәрі түсінікті болу үшін сол екеуінің қысқаша өмірбаянан жариялауды жөн көріп отырмыз. Енді бір сәт соған назар аударсаңыздар екен.
Қалыбай ТАСҚҰЛОВ 1922 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Бостандық ауданындағы Асықата (қазіргі Домалақ Ана) ауылында кедей шаруаның отбасында дүниеге келген. Ұлты — қазақ. Сарбаз болған кезде оның жасы жиырмаға да жетпеген екен. Днепр өзенінен өтуде көрсеткен қаһармандығы мен ерлігі үшін 1943 жылғы 30 қазан күні қатардағы жауынгер Қалыбай Тасқұловқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілген.
Ол өзінің қатар құрдастарынан ерекше туған жоқ. Мектепте оқыды. Жайлауда қой жайды. Мүмкін майданға аттанар сәтте Қалыбай Тасқұловтың туған жерге Батыр болып ораламын деп деп әкесіне берген сертіне жұрт онша сене де қоймаған шығар.
Жексұрын жауға қарсы кескілескен шайқастарда оның бұғанасы бекіп, қабырғасы қатая түскен. Днепр өзеніне таяу жердегі ұрыстардың бірінде Қазақсан сарбазы жауынгерлік қызметі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған.
Ал осыдан кейін ұлы өзен — Днепр тарихи шайқастың куәсі болған. Мұнда басқа да көптеген қазақ батырлары сияқты жас жауынгер Қалыбай Тасқұлов та өзін хас батырларша көрсеткен. Ол 69-Қызылтулы Севск дивизиясы 120-атқыштар полкінің Днепр өзенін бірінші болып кешіп өткен автоматшылары десант тобының
құрамында болатын. Кеңес жауынгерлері ата жаумен белді-бекем айқасқан. Қолма-қол айқаста қазақ жігіті өзінің балуан күшін танытқан. Мылтықтың дүмімен сұлатқан бес неміс-фашисі Днепр өзенінің жағалауында мәңгі-бақи жер жастанған. Осы ерлігі үшін Қалыбай Тасқұлов Кеңес Одағының Батыры атағына ие болған.
Туған жеріндегі «Еңбекші» (кейіннен Фрунзе атындағы ұжымдық шаруашылық деп аталған, қазіргі Еңбек ауылы) ұжымдық шаруашылығында тұратын әкесіне жас Батыр мына жыр шумақтарын сол кезде жазған екен:
Днепр өзенінен өткізді менің өз елім,
От кешіп жүріп өртенді талай өзегім.
Жіберді ел мені қасірет жасын төкпеуге,
Қызғыштай сонда қорғауға мөлдір өзенін.
Ант етем мынау тұрғанда кеуде, қол аман,
Қуамын жауды қуанышымды тонаған.
Берлинге жетіп, Жеңісті біз тойлап,
Содан соң қайсар Батыр боп елге оралам…
Осылайша Қалыбай өз сертін абыроймен орындаған. Бейбіт өмірген оралғаннан кейін ол ел игілігі жолында еселі еңбек еткен.
Алим ХАЛИМОВ 1919 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Бостандық ауданында дүниеге келген. Ұлты — тәжік. Кеңес Одағы Коммунистік партиясының мүшесі. 1939 жылдың қазан айында Қызыл әскер қатарына шақырылған. 1942 жылдың наурыз айынан бастап майдандағы ұрыс әрекеттеріне қатысқан. Әскери училищені бітіргеннен кейін майор Алим Хакимов 143-Қызылтулы Суворов орденді Конотопск-Коростеньск атқыштар дивизиясының батальон командирі болған. 1945 жылғы 27 ақпанда оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілген. Батальонның ержүрек командирі «Қызыл Ту» және Александр Невский ордендерімен марапатталған.
143-атқыштар дивизиясы 487-полкінің ержүрек офицері, майор Алим Хакимов өз еңбегімен даңққа бөленген. 1943 жылы жазда Курск иініндегі кескілескен шайқастарда ол басқарған батальон неміс-фашистерінің қорғаныс шептерін алдымен бұзып өткендердің бірі болған. 1944 жылғы шілде айының басында Алим
Хакимов басқарған батальон Ковель қаласының түбіндегі қияе-кескі шайқастарда ерекше көзге түскен.
Кеңес офицері Алим Хакимовтың әскери таланты әсіресе Польшаның астанасы — Варшава маңындағы ұрыстарда барынша тұлғаланып көрінген. Оның марапат қағазында қысқаша жазылған мынадай жолдар бар: «1945 жылғы 15 қаңтарда Варшава аймағындағы Стара деревнясының төңірегінде жаудың қорғаныс шебін бұзып өтерде Алим Хакимов жолдас дұшпанның адам күші мен техникасын елеулі шығынға ұшыратқан. Жауды өкшелей қуа отырып, өз батальонының жеке құрамын Висла өзенінен дивизияда бірінші болып өткізген. Дұшпанның екі траншеядан тұратын плацдармын иеленіп, Модлин — Варшава тас жолын ұстап тұрған. Осы жолы дұшпанның жаяу әскерлері мен жүктері тиелген бес автомашинасы жойып жіберілген».
Бұл қалай болған еді?… Майор Алим Хакимовтың басшылығындағы батальонның Висла өзенінен өтіп шығуы мұң екен, гитлершілер үсті-үстіне қиян-кескі қарсы шабуыл жасаған. Жарылған бомбалар мен снарядтардан жер солқылдаған. 12 сағат ішінде батальон өздеріне қарай жасалған 15 қарсы шабуылды тойтарған. Содан соң неміс-фашистері сегіз танкісін және оған ертіп автоматшыларын ұрысқа шығарған. Танктердің бетке алған бағытына, батальонның оң жақ қанатына майор Алим Хакимов нағыз ержүрек әрі тәжірибелі коммунист жауынгерлерді жинаған болатын. Батерея командирі капитан Смыслов тура нысанаға алып, жетекші машинаны, бұдан бөлек тағы екі танкті қоса-қабат жайратқан. Жауынгерлер — Игумнов пен Башкиров танкіге қарсы қолданылатын гранаталармен жау танкілерін қиратқан. Медведев пен Кухляренко танктердің соңында келе жатқан автоматшыларға пулеметпен оқ боратқан. Батальон командирінің саяси жұмыстар жөніндегі орынбасары Истоминов пен аға лейтенант Баранов қол пулеметтерімен айқұш-ұйқыш оқ себелеген. Жау жағы көп шығынға ұшыраған. Ұрыс даласында дұшпанның төрт танкісі мен 120 өлігі қалған. Төрт офицері мен 30 солдаты тұтқынға алынған.
Ұрыста көрсеткен ерлігі мен қаһармандығы үшін майор Алим Хакимов пен бір топ жауынгерлерге 1945жылғы 27 ақпанда Кеңес Одағының Батыры атағы берілген.
Жоғарыда айтқанымыздай, 1932 жылы құрылған Бостандық ауданы 1956 жылға дейін Оңтүстік Қазақстан облысының құрамында болған. Біз сөз еткен қос қаһарман Ұлы Отан соғысына
осы жерден, яғни Қазақстаннан аттанған. Демек, олар — біздің еліміздің Батырлары емес пе?!. Соған қарамастан, 2015 жылы Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойына орай Шымкентте ашылған Даңқ мемориалынан бұл екеуінің есімін кезіктіре алмайсыздар.
Мұны айтасыздар, онда тарихта бейнебір Бостандық ауданы болмағандай, бұл ауданнан қанды майданға аттанған жауынгерлердің бірде-бірінің аты жөні жазылмаған. Сонда Қалыбай Тасқұлов пен Алим Хакимовтың қай елдің Қаһармандары болғаны?!
Әрбір халық өзінің Батырларын біліп қана қоймастан, оларға құрмет пен тағзым етуі тиіс. Ерлер есімі ел есінде мәңгі сақталуы үшін олардың аты-жөнін энциклопедияларға енгізген мақұл. Қаһармандар жайлы кітаптар жазып, скерткіштер орнату да артық етпейді. Мұның үстіне бұл ақпараттар небарынша нақты әрі шынайы болғаны жөн. Сол себепті де біз қос елдің Сыртқы істер және Қорғаныс министрліктерінен осы қос қаһарман өмір жолы және ерліктері жайлы толыққанды мәлімет күтіп қаламыз.
Әбдісаттар ӘЛІП,
журналист, ақын, аудармашы, Қазақстан Журналистер және Халықараық Жазушылар одақтарының мүшесі.
Шымкент қаласы.