«Паразиттер» халықты сорып жатыр…». Мәжілісте бір депутат қатты кетті

43
Міне, осы шаш та төк дүние сіз бен біздің, яғни қарапайым қазақстандықтардың есебінен төленіп отырған. Көрінбейтін тариф ретінде алынған бізден ол- депутат.
ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Меруерт Қазбекова Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовке депутаттық сауал жолдап, табиғи монополиялар субъектілері болып табылатын барлық компанияларға тексеріс жүргізіп, оның ішінде «халықтың мойнына тас кенеше жабысып, елдің қалтасындағы ақшаға өмір сүретіндерін» анықтауды талап етті, — деп хабарлайды Zakon.kz.
Ол бұған дейін «Ақ жол» фракциясы «Астанаэнергосервис» АҚ-тың заңсыз әрекеттерін әшкерелеп, депутаттық сауал жолдағанын еске салды.
— Білесіз бе, біз сол депутаттық сауалда ұзақ жылдар бойы аталған акционерлік қоғам өз қызметі барысында тұтынушыларға негізсізден негізсіз ауыртпалық салып келгеніне назар аудартқан едік. Түк өндірмейді бұл компания, елорданың басқа да энергетикалық кәсіпорындарын «басқарады-мыс» екен. Соған қарамастан бұл компаниядағы жалақы қоры 600 миллион теңгені құрайды, ал басшылық қызметтегілер 1,5 миллион теңгеге дейін (сыйақы мен бонустарды қоспағанда) жалақы алады. Оның үстіне қымбат кеңсесі мен қызметтік көліктері бар. Міне, осы шаш та төк дүние сіз бен біздің, яғни қарапайым қазақстандықтардың есебінен төленіп отырған. Көрінбейтін тариф ретінде алынған бізден ол. Сонда отбасынан, балаларының шығынынан үнемдеп өмір сүріп отырған қазақстандықтар осындай «паразит» компанияларды білмей асырап отырған», — деп атап өтті Қазбекова.
Оның айтуынша, бұл депутаттық сауалға жауап берілуде бірқатар заңсыздықтар орын алған.
Мысалы, министрдің орнына оның орынбасары жауап бере салған, онда да қойылған сұрақтарға нақты дәйектер келтірілмеген.
— Міне, бүгін ғана БАҚ-тар Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің шешімімен аталған акционерлік қоғамның таратылатындығы туралы хабар таратты. Тек осы бір шешім қала үшін жыл бойына 1 млрд теңгені (!) үнемдеуге мүмкіндік беріп отыр. Міне, дәл осындай «делдалдардың» көзін жоюды «Ақ жол» фракциясы депутаттары талап етіп, депутаттық сауал жолдаған. 1999 жылдан бастап тұтынушылардың мойнына мініп, 20 жыл бойына қамсыз жұмыс істеген бұл компанияның түкке пайдасыздығын біздің депутаттар дәлелдеп берді. Бұл дегеніміз қаншама жыл бойына халықтан ұсталған төлемдер заңсыз әрі негізсіз деген сөз, — деді депутат.
Осыған байланысты Ақжол партиясындағылар барлық аймақта тексеру жүргізіп, ештеңе өндірмей, «халықты сорып, жұмыс істейтін» осыған ұқсас компанияларды анықтау қажет деп санайды.
— Ондай компаниялар анықталған жағдайда – олардың көзін бірден жою керек. Тарифтерге жасырын енгізіліп, осылай заңсыз ұсталған төлемдерді тұтынушыларға кері қайтарып беру мәселесін де қарастыру қажет. Одан соң депутаттардың сауалына қалай болса солай жауап берген министрлік қызметкерлерін де жауапқа тарту керек, — деп сөзін түйіндеді Қазбекова.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды осында енгізіңіз