1002 жемқор сотталды

205
Қазақстанда жемқорлық азаймай тұр. Екі күннің бірінде «ана бастық құрықталды, мына шенеунік парамен ұсталды» деген хабар ақпарат айдынында желдей есуде. 2019 жылы Қазақстанда 1002 лауазымды тұлға жемқорлықпен сотталған. Етіміз үйреніп кеткені сондай бұл бізге қалыпты жағдай сияқты болып барады. Сол – жаман.
Жымқырғышы көп қай сала?
«Бюджеттен бөлінген қаржыны талан-таражға салатын қай сала?» деген сұрақ туындайды. Олай болса, осы өткен үш жылда орын алған сыбайлас жемқорлыққа шолу жасайық. 2017 жылы республикалық дең­гейдегі – 19, облыстық деңгейдегі – 98, қала­лық және аудандық деңгейдегі 152 басшы қылмыстық жауапкершілікке тартылған екен. Қылмыстың денін әкімдіктер, ішкі істер органдары мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлері жасаған. Жемқорлықтың жоғары деңгейі білім, ауыл шаруашылығы, құрылыс және денсаулық сақтау саласында байқалған.
2018 жылы сыбайлас жемқорлық бойын­ша барлығы 1 126 лауазымды тұлға істі болса, оның құрамын 20 республикалық, 75 облыс­тық, 128 қалалық және аудандық деңгейдегі мемлекеттік қызметкерлер толтырған. Бұл жолы құрылыс, білім, жер қатынастары, ауыл шаруашылығы жемқорлары алда болған.
2019 жылы болса, статистикалық мәлі­меттерге сәйкес, 1002 лауазымды тұлға жем­қор­лықпен сотталған. 1700-ден астам жем­қор­лық қылмысы тіркелген. Жемқорлық кө­бінесе құрылыс саласында тараған. Сонымен қатар білім, жер қатынастары, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау сала­лары да бұл тізімді толықтыра түседі. Енді өзіңіз қараңыз, «жеп» қою фактілерінің көбі тендерді бөлу, шартты заңсыз жасау, жалған жұмысты орындау актісіне қол қою, жалақы мен іссапар шығынын заңсыз есептеумен байланысты екен. Сонда олар қалай парақор болады? Әрине, «олар – пенде, періште де алтын көрсе, жолдан таяды емес пе» деп ақтай саламыз. Дегенмен ол қаржы халықтың салығынан жиналған, үй, мектеп сынды ел мұқтажына жұмсалар қаржы екенін білеміз бе? Жоқ, біледі, жемқор да біледі, бірақ ол – құлқынның құлы. «Ала берсем, жей берсем» деген таяз ойлының пайымы.
Әлем қалай күреседі?
2020 жылы жарияланған Transparency International ұйымының жемқорлық индек­сінде Қазақстан 180 елдің ішінде 113-орында (неғұрлым көп болса, соғұрлым нашар) тұр. Біз әйтеуір бұрынғы Кеңес Одағы мемлекет­тері арасындағы сыбайлас жемқорлық аз елміз деп мақтануға ғана шеберміз. Ал шет мемлекеттер жемқорлықпен аяусыз күре­суде. Мысалы, Америка Құрама Штатта­рының заңнамасында сыбайлас жемқорлық ұғымы, оның мәні мен мазмұны, ерекше­ліктері мен түрлерінің анықтамасы берілген, олардың алдын алу шаралары анықталған. Мәселен, пара үшін оның үш есе мөлше­ріндегі айыппұл немесе 15 жылға дейін түрмеде ұстау, не еке­уін бірдей қолданған жағдайда 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Ал Латын Амери­касы елдеріндегі криминалды экономиканы уысында ұстайтын күшті ұйым­дасқан топтар ресми билікке көнбей ке­леді. Бұл – құрлықта саяси тұрақсыздық қалыпты жағдай. Қазақстанға үлгі болар мем­лекеттер деп Сингапур, Дания, Нидерланды, Финляндия, Жаңа Зеландия, Швеция, Исландияны айтуға болар еді. Соның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте син­гапурлық үлгіні жұрт жиі ауызға алады. Син­гапур 1965 жылы тәуелсіздік алған кезде жем­қорлық қалың жайлаған ел болатын. Сонымен бірге шведтік үлгі де тәжірибе алар­лық. Ол ел мемлекеттік құжаттар ашықтығын қам­тамасыз етіп, тәуелсіз сот жүйесін құрды. Қоғамдағы абырой, тазалық – әлеуметтік нор­ма саналды. Шенеуніктердің жалақысын 12-15 есеге көтеріп тастады. Сыбайлас жем­қор­лықтың алдын алу мақсатында біздің ел де осы тәжірибені ескеріп, шенеуніктердің еңбекақысын жүйелі түрде көшіру мәселесін назарда ұстауы қажет. Ал бізде қалай? Бізде шенеуніктер пара алумен, қабат-қабат үй салу­мен, бума-бума ақша ұстаумен, тоқал алумен жарысады. Сонымен бірге қыл­мыстың залал сомасы үш жылда 15 млрд-тан астам теңгені құрады, оның 10 млрд тең­ге­ден астамы қазіргі таңда өтелген деумен шектелеміз.
Параны беретін кім?
Әрине, сыбайлас жемқорлықтан толық құтылу мүмкін емес. Өлім жазасына кесетін Қытай да толық бұл жегіден құтыла алмай отыр. Былтыр Transparency Kazakhstan қо­ғамдық қоры 2019 жылдың мамырынан та­мыздың соңына дейін «Қазақстандағы сы­байлас жемқорлық жағдайы» атты зерттеу жұмысын жүргізді. Олар 3 республикалық маңызы бар қалада, 14 облыс орталығында, 163 ауданда болған. Сауалнамаға жалпы 9 мың адам: 7 мыңнан астам тұрғын және ша­мамен 2 мың кәсіпкер қатысқан екен. Қоры­т­ын­дыға сәйкес, қарапайым тұрғындар мен кәсіпкерлер әуре-сарсаңға түспей, бір мәсе­лені тез шешу үшін және мемлекеттік қыз­метті тез алғысы келетіндіктен пара береді екен. Бұл – негізгі фактор. Сауалнамаға қа­тыс­қандар мемлекеттік қызметке тұру адам­ды пара беруге итермелемейтінін айтқан. «Параның орташа көлемі қарапайым тұрғын­дар арасында – 30 және 55 мың теңге. Олар­дың 70 пайызы ақшаға келісетінін айтты. Ал қалғандары пара ретінде кәмпит, гүл және сыйлық берген. Тұрғындар арасында пара­ның төменгі құны 500 теңгеден басталып, 500 мың теңгеге дейін жеткен. Кәсіпкерлер ара­сында параның орташа көлемі – 70 мың теңге. Мұнда да олар мәселені тезірек шешу үшін ақша берген. Қалған жағдайда сыйлық емес, басқа қызмет түрін көрсеткен. Бизнес­мендер көп жағдайда параны құжат ресімдеу үшін беріпті» дейді зерттеушілер. Бұған қарап қарапайым халықтың өзі шенділерді пара алуға итермелейтініне амалсыз көз жеткіземіз.
Жемқорлықпен күресу амалдары
Басқа елдерде де бар, біз үшін жаңашыл болып тұрған хабарды: «Үкімет Президенттің тапсырмасын іске асыру мақсатында сы­байлас жемқорлық фактілері бойынша ха­барламалар үшін азаматтарды көтермелеудің жаңа жүйесі туралы қаулыны бекітті. Көп­те­ген елдегі секілді сараланған сыйақы бо­ла­ды», деп Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпек­баев айтты. Енді заң бұзғандарды ұстап бер­сеңіз, 10 млн 600 мың теңгеге дейін сыйақы аласыз.
Айта кетейік, 2019 жылы 455 сыбайлас жем­қорлық қылмыстық іс қозғалған, оның 399-ын сыбайлас жемқорлыққа қарсы қыз­мет тіркеген, 235-і өндіріспен аяқталып, оның 192-сі сотқа жолданған екен. Осы қылмыс­тардан мемлекетке келтірілген залал 4 989 387 мың теңгені құраса, 3 853 038 мың теңге қа­зіргі уақытта мемлекетке қайта­рыл­ған. Жүз­деген миллион бюджет қаражатын жым­қыру факті­сі бойынша бірқатар қыл­мыстық іс әлі тергеліп жатыр. Жымқыру фак­тісінің көбі тендерлерді бөлу, шарт­тарды заңсыз жа­сау, жалған жұмыстарды орын­дау актілеріне қол қою, жалақы мен ісса­пар шығындарын заңсыз есептеумен байланысты болған екен.
Иә, сыбайлас жемқорлыққа сіз де соққы бере аласыз. Ол үшін сыйақы да аласыз. Яғни, сыбайлас жемқорлық фактісі туралы хабар­лаған адам соттың айыптау үкімінен кейін пара сомасының 10 пайызын алады. Ең жоға­ры сыйақы мөлшері 10 млн 600 мың теңгені құрайтын болады. Бұл нәтиже бере ме, жоқ па? Ол – уақыт еншісінде. Сонымен қатар агенттік жемқорлықтың алдын алу шарасы ретінде болашақ шенеуніктерді түрмеге алып барып, өз көздерімен пара алушының жағ­дайы қандай болатынын көрсетуді де қолға алған. Бұл, әрине біраз адамға ой салар деген ниет болса керек.
ТҮЙІН:
Жемқорлықпен күрес жүріп жатыр. Бірақ «ала жіпті аттама» деген үлкендердің тағы­лымымен өскен ұрпақтың орнын, қызметті бюджет қаржысын жымқыру деп ойлайтын шенеуніктер басқан ба деген ойға қаласың. Құрылысқа деп бөлінген қаржыны жұт­қын­шақтан өткізіп жібергендер кесірінен қаншама үй кезегінде тұрғандардың үміті үзілді. Жем­қордың кесірінен қанша шақырым жол жөн­делмей қалды. Сол індетті жою сіз бен біздің қолымызда екенін де ұмытпағанымыз жөн!
Дереккөз:https://aikyn.kz/

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды осында енгізіңіз