Бұл сүйінші жаңалықты Қазақстанның Мысырдағы Төтенше және өкілетті елшісі Қайрат Лама Шариф жариялады
Мысырда Сұлтан Бейбарыс медресесі қақпасының еш жерде жарияланбаған суреті табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мұндай сүйінші жаңалықты Қазақстанның Мысырдағы Төтенше және өкілетті елшісі Қайрат Лама Шариф Facebook-парақшасында жазды.
«Сүйінші, ағайын! Сұлтан Бейбарыс медресесінің әшекейлі қақпасының суреті табылды. Мысырлық мәмлүктанушылар бұрын-соңды әлеуметтік желілерде жарияланбаған аз-Захария медресесі қақпасының суретін тауып берді. Осы үшін Имад Осман Махран бастаған мәмлүктанушыларға және Мысырдың Көне ескерткіштер мен туризм министрлігінің қызметкерлеріне шексіз алғысымды айтамын», — деп жазды Мысырдағы Төтенше және өкілетті елші.
Оның айтуынша, 1262 жылы Айн Жалұт шайқасынан жеңіспен оралған Сұлтан Бейбарыс Каирде теңдесі жоқ жаңа үлгідегі медресе салып, оның бас қақпасын Каирдің қолөнер шеберлеріне жасатқан.
«Қақпаның маңдайшасында «Моңғол-татар басқыншылары мен кресшілерге Мысыр жерін бастырмаған әл-Мәлик аз-Заһир Рүкн ад-Дин Бейбарыс» деп жазылған. Көне Каир шаһарының төрінде осындай әшекейлі Жеңіс қақпасын орнатқан Сұлтан Бейбарыстың сәулет өнеріндегі талғамы зор болғанын айғақтайды», – деп жазды Қайрат Лама Шариф.