Енді түкке де керегі жоқ. НЕГЕ «Қазпоштаны» ешкім алмайтын болады?

967

Стратегиялық инвесторлар биылдан қалдырмай «Қазпошта» АҚ акцияларын сатып алуы тиіс еді. Бірақ, енді ол жоспар орындалмайды. Nege.kz дереккөзінің мәліметінше, Ресейге салынған санкциялар инвесторлардың мұндай жоспарын паузаға қойып отыр.

Инвесторларда «қазіргі жағдайда «Қазпошта» қаншалықты керек?» деген пікірлер басым дейді, дереккөз. Ұлттық компанияның операциялық табысты тек теңгелей алатынын ескерсек, ұлттық валюта девальвацияға ұшырап жатқан кезде, оның бизнес-моделі ешкімге қызық емес. Қазір табысты валютамен алатын экспорттық компаниялар ғана өздерін жақсы сезіне алады. Бұған дейін, «Қазпошта» акцияларын сатып алуға Халық банкі, «Eurasian Digital Ventures», «ТрансКом», «Алмалы» мен «Хави Казахстан» компанияларынан құрылған инвесторлар пулының қызығушылық білдіргені туралы мәлімденген еді.

Дәл осы уақытта «Қазпоштаны» ұстап тұру мемлекетке ауыр тиюде. Ұлттық компанияның шығындары жыл өткен сайын ұлғайып, бюджетке салатын салмағы ауырлап барады. 2021 жылдың аудиттелген қаржылық есебі шықпаса да, 4-тоқсанның қортындысы бойынша әзірленген бухгалтерлік балансқа қарасақ, компания былтыр 7,9 миллиард теңгеге шығынға батқан.

Жалпы, «Казпоштаның» былтырғы операциялық выручкасы 47,8 миллиард теңге болыпты. Алайда, операциялық шығыны 51,9 миллиард теңгені көрсетті. Ұлттық компания өзінің тапқанынан көп жұмсайды. Оның үстіне, 7 миллиард теңге қызметкерлердің жалақысына кетеді. Компанияның әлеуметтік жүктемесі аз емес. Әр ауыл-аймақта почта бөлімшесі бар екенін ескерсек, қазір «Казпошта» 20 мың адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.

Мемлекет осы жүктен арылу үшін, компания акцияларының белгілі бір бөлігін инвесторларға сатқысы келген. «Казпошта» активтерінің қазіргі құны 100 миллиард теңгеден асады. Кассада шамамен 36 миллиард теңге қаржы бар.

«Қазпоштаға» терең реформа қажет екені түсінікті. Бірақ «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмаудың» жолын табу оңай емес. Ұлттық компанияны дисконтпен нарықта сата салу ауыл-аймақта отырған 20 мың адамның жұмыссыз қалуына әкеледі.

Ал қазіргі жағдайында қалатын болса, мемлекет жыл сайын 7-8 миллиард теңгеге шығындала бермек. Басты мәселе осында.