Халықтың құрғақ уәде бергіш әкімдерге сенімі азайған

1014

Сарапшылар жүргізген сауалнама нәтижесі бойынша, ел тұрғындарының 40 пайызға жетер-жетпесі ғана жергілікті билік өкілдеріне сенім артқан деп хабарлады ardak.kz ақпараттық порталы КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Енді бұл көрсеткіш Президенттің әкімдерге қатысты Жарлығынан кейін түбегейлі өзгеруге тиіс. Енді атқамінерлер тоқсан сайын шалғайдағы ағайынмен жүздесіп, мұң-мұқтажын тыңдауға міндетті.

Бұдан былай, әкімдер құрғақ уәде, сырғытпа жауаппен құтылмай, жұмысты іс жүзінде атқаруы керек. Жарлықта сол кездесулердің форматы мен регламентіне дейін анық жазылған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 7 наурыздағы қаулысынан кейін «Әкім бол – халқыңа жақын бол» деген сөздің мағынасын атқамінерлер толық ұғынуы тиіс. Кабинеттерінің есігін тарс бекітіп, жағдайға тек терезеден қарап баға беретіндерге Президент қаңтардың басында-ақ елмен етене араласуды тапсырған болатын. Өйткені әкім-қаралардың көбі халықпен жұмыс істеуді білмейді немесе қорқады.

Жергілікті басшыларға сенімнің азайғанын 4 жылда бір рет өткізілетін бүкіләлемдік құндылықтар туралы әлеуметтік сауалнама да, Қазақстан қоғамдық даму институты жүргізетін тексеріс те растап отыр.

«Біздегі халықтың Президентке деген сенімі 70-80 пайыз болса, жергілікті атқарушы билік өкілдеріне 40 пайыз. Яғни, азаматтар қандай да бір мәселеге тап болса, сол жерде оның шешілмейтінін түсінеді. Сондықтан тұп-тура арызын Президентке жеткізгісі келеді. Ол үшін арнайы әлеуметтік көмекші де бар», – дейді Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы Жұлдызай Ысқақова.

Оның айтуынша, тек әкімдер ғана емес, жергілікті сот орындаушыларына, құқық қорғау органдарына да деген елдің сенімі кеткен. Әкімдер жылына бір өткізетін есеп беру кездесуінің өзінде уақыттың 70 пайызын алдын ала дайындалған есебіне арнаса, қалған 30-ында ғана елдің арызын тыңдайды. Енді жиналыста есеп пен сұрақ-жауапқа уақыт теңдей бөлінуі тиіс. Мұның барлығы Президент Жарлығында анық көрсетілген.

«Бұл Жарлық бұрынғы форматтың өзгергенін көрсетеді. Бұл жерде арнайы адамдарын, сұрақтарын дайындап керек емес деп ойлаймын. Әрбір мемлекеттік органның басшысы ашық түрде халықпен дайындықсыз кездесіп, олардың нақты сұрағына жауап беруді өздерінің жұмысының басты бағыты ретінде анықтауы қажет», – дейді Қазақстан қоғамдық даму институтының зерттеушісі Аян Сакошев.

Президент Жарлығына сәйкес, әкімдер қоластындағыларды жинап алып, кабинетінде өткізетін маңызсыз жиналыстарын азайтуы керек. Мәселен, аудан әкімдері тоқсан сайын өзі басқарып отырған аудан аумағындағы барлық ауыл-аймақты аралап шығуы тиіс. Сондай-ақ, әкім-қаралар қажет болған жағдайда техниканың мүмкіндігін пайдаланып, бейнеконференция ұйымдастырып, елдің талап-тілегін онлайн естуге де міндетті. Ең бастысы, тыңдалған өтініштің барлығы бас шұлғыған бос уәде күйінде қалмай, орындалуы қажет.