Бірлігі мықты ел – індетті бірге жеңеді. Бұл туралы Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы Қ.Балабиев өңір тұрғындарына арнаған үндеуінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Құрметті түркістандықтар! Баршаңызға белгілі, қазір бүкіл дүние жүзі коронавирус пандемиясына байланысты тым күрделі жағдайды бастан өткеруде. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев және Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев әлемді жаулап келе жатқан коронавирус дертінің алдын алу жөнінде көптеген шаралар қабылдады. Елімізде осы аурумен ауырғандар саны бүгінгі таңда 125 адамға жетіп отыр. Бұл коронавирус инфекциясы – өте ауыр індет, сол себептен Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы дүние жүзі бойынша пандемия жариялады.
Қазір бірқатар ел тұрғындары індеттің дүниежүзілік сипат алып отырғандығына және салынып отырған қатаң тыйымдарға қарамастан әлі де болса жасырын түрде беташарлар жасап, той-жиындар өткізуде, сақтық шараларына мүлде көңіл аудармауда.
Облыс жұртшылығы жағдайдың тым күрделі болып отырғандығын жете түсініп, жауапкершілікпен қараулары тиіс! Өйткені, өздеріңіз көріп отырғандарыңыздай, көптеген елдерде, соның ішінде Италияда осы аурудың салдарынан бір күнде 600-700 адамға дейін көз жұмып жатыр, Испания, Америка елдерінде де жағдай ушығуда. Қайтыс болған адамдарды жерлейтін табыт тапшылығы сезілуде! Испания астанасында мәйітханаларда орын болмай, хоккей алаңдарына қайтыс болғандарды уақытша қоюда», — деді ол.
Қ.Балабиев атап өткендей, облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев жуырда осы індеттің таралуын болдырмау жөнінде халыққа өз үндеуін жолдап, негізгі шаралар кешенін қабылдады.
«Қазіргі уақытта облыс көлемінде тәулік бойы жұмыс істейтін блокпостар қойылды. Бұл бекеттерде дәрігерлер мен полиция қызметкерлері күндіз-түні өтіп жатқан көліктерді тоқтатып, ондағы жүргізушілер мен жолаушылардың дене қызуларын тексеруде.
Халық көп шоғырланатын әуежайлар, теміржол вокзалдары мен автовокзалдар, ірі сауда, ойын-сауық орындарының жұмысы, көпшіліктің қатысуымен өтетін іс-шаралар толық тоқтатылды.
Мұның барлығы – халықтың денсаулығы мен өмірі үшін жасалып отырған өте маңызды шаралар.
Қазақта «Бірлік бар жерде, тірлік бар» деген қанатты сөз бар. Мен барша халықты бүкіл ел болып бірлікке, осы індетке байланысты қалыптасып отырған аса күрделі ахуалға түсіністікпен қарауға шақырамын. Себебі, бұл мәселе бір Елбасымыз бен Президентіміздің, не Үкіметтің ғана проблемасы емес, бұл бүкіл қоғам болып еңсеруіміз қажет қауіпті індет.
Елбасының халыққа жолдап отырған Үндеуіне орай біз қолынан іс келетін барша іскер азаматтардан, кәсіпкерлерден, ірі кәсіпорын басшыларынан ел басына осындай күн туғанда аянып қалмастан, мүмкіндігінше, қолдан келген көмектеріңізді берулеріңізді сұраймыз. Бұл ретте үлкен алпауыт елдердің өзі бұл індетке дайын болған жоқ», — деді мәслихат хатшысы.
Халық қалаулысының айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетіне байланысты қалыптасып отырған ауыр экономикалық жағдайда шағын және орта бизнес субъектілеріне, халықты қолдауға 10 млрд теңге бағыттады.
«Сондай-ақ, кредиті бар азаматтарға кредиттік төлемдерін уақытша 3 айға дейін тоқтата тұруға мүмкіндік берілуде. «Нұр Отан» партиясы тарапынан халықтың әл-ауқаты төмен топтарына көмек беру мәселесі қолға алынып отыр. «Біз біргеміз» акциясы шеңберінде облыс бойынша 1500 аз қамтамасыз етілген отбасыға азық-түлік таратылып, қолдан келгенше жәрдем берілуде. Осы тектес игі шаралар «Nur Otan» партиясы тарапынан да, облыс әкімдігі тарапынан да жалғасын табатын болады. Дегенмен, қаншама адам өмірін алып кеткен зұлым індет жағдайында мұның барлығы мұхитқа тамған бір ғана тамшы секілді. Біз осы індетті жеңуіміз үшін дүйім ел болып бірігуіміз қажет.
Ортағасырлық ислам әлеміндегі әйгілі және беделді парсы ғалымы Әбу Әли Ибн Сина өз заманында тараған індет кезінде оны тоқтату мақсатында ауыл-ауылдарды аралап жүріп, халыққа мешітте, тойларда, көпшілік шараларда жиналып бас қосуға болмайтындығын, тазалыққа айрықша мән беру керектігін айтып түсіндірген екен.
Сол себептен, әрбір отбасы өздерінің қауіпсіздігі үшін көшеге шықпай, жеке бастарының гигиенасына жете мән берулері керек!
Халық алдында өте жауапты кезең тұр. Енгізілген шектеулерге әрбір азамат үлкен жауапкершілікпен қарап, тәртіпке бағынуы қажет!Құдай сақтансаң сақтайды!», — деп түйді Қ.Балабиев.