Сатыбалды Дәулеталин: «ОАЕКК қызметін дамыту Орталық Азия елдерінің 15 миллионнан астам жұмыскерінің әл-ауқатын жақсартуға бағытталған»

1632

Әзірбайжан Кәсіподақтар конфедерациясы ХЕҰ-мен бірлесіп ұйымдастырған «Кәсіподақтар жол айрығында» тақырыбындағы халықаралық конференция аясында ОАЕКК Бас хатшысы – ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин ұлттық кәсіподақ орталықтарының басшылары – Орталық Азия елдері кәсіподақтары кеңесінің мүшелері – Тәжікстан Тәуелсіз кәсіподақтар федерациясының төрағасы Маликшо Нематзодамен және Өзбекстан Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Бахтиёр Махмадалиевпен кездесу өткізді.

Кеңес мүшелері ОАЕКК мүше елдердегі әлеуметтік-еңбек қатынастарын жетілдірудің ортақ тәсілдерін әзірлеуде ұлттық кәсіподақ орталықтарын одан әрі біріктіруге, мәдени, спорттық-сауықтыру бойынша ынтымақтастықты дамытуға және құрылымның географиясын кеңейтуге бағытталған бірлескен жұмыс жоспарларын белгіледі.

ОАЕКК төрағалық ететін Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының басшысы Кеңестің ағымдағы жылғы қызметінің негізгі бағыттарына тоқталды.
«Алдағы Орталық Азия елдерінің Субаймақтық кәсіподақ форумы аясында кәсіподақтардың күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша ортақ көзқарастарды талқылап, әзірлеуіміз қажет. Ұлттық кәсіподақ орталықтары – ОАЕКК мүшелері кәсіподақ қызметінің өзекті халықаралық мәселелері бойынша келісілген ұстанымын ұсынуы қажет», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Биыл Қазақстанда Халықаралық еңбек ұйымы мен Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясы өкілдерінің қатысуымен Субаймақтық форум өтеді.
Ұйым мүшелері Орталық Азиядағы жұмысшы жастардың мәселелерін қарастыру жоспарланған Бірінші жастар форумын өткізу мәселелерін де талқылады.

Тараптар кәсіподақ жұмысындағы озық тәжірибе алмасудың тиімді алаңы болып табылатын Өзбекстан Кәсіподақтар федерациясы жанындағы Кәсіподақтық Еңбек академиясының базасында Бірыңғай білім беру хабын дамытуға ерекше назар аударды.
ОАЕКК Бас хатшысының ұсынысы бойынша құрылымның бірыңғай ақпараттық-коммуникациялық ресурсын әзірлеу жоспарлануда.
«Орталық Азия елдері кәсіподақтары кеңесінің қызметін дамыту Орталық Азия елдерінің 15 миллионнан астам жұмыскерінің әл-ауқатын жақсартуға бағытталған және лайықты еңбек стандарттары мен әділ жалақыға, еңбек көші-қоны мәселелерін, қауіпсіздік пен еңбекті қорғауды қамтамасыз етудің жалпы мәселелерін шешуге ұмтылудағы ынтымақтастықты нығайтады», — деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.

Кездесуге қатысушылар ОАЕКК Бас хатшысының бастамаларын қолдап, оларды жүзеге асыру үшін күш-жігерді біріктіруге дайын екенін атап өтті.
Конференция алаңында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Түрікменстан кәсіподақтары ұлттық орталығы төрағасының орынбасары Сапар Атабердиевпен ОАЕКК құрамына кіру перспективаларын да талқылады.

ҚРКФ медиаорталығы