Пандемия басталғалы бері Мемлекет басшысы карантин талаптарын қатаң сақтауды, заң талаптарын орындауды, құқықбұзушылыққа бармауды талап етіп келеді. Халықтың басым бөлігі бұл талаптарды сақтап, орындап жүргенімен құқықбұзушылыққа барушылар да кездеседі.
Сондықтан да, шымкенттік полицейлер карантин режимінің сақталуын бақылау бойынша мобильді топпен бірлесіп құқықбұзушылықтың, қылмыстардың алдын алу мақсатында күнделікті рейдтік жұмыстар жүргізеді.
Кезекті рейд барысында Еңбекші ауданының тәртіп сақшылары Теріскей шағынауданы Рысқұлов көшесінде орналасқан компьютерлік ойынхана карантин талаптарын сақтамай, жұмыс істеп тұрғанын анықтады. Аталған ойын-сауық мекемесінің жұмысшылары келушілерге медициналық бетпердесіз қызмет көрсеткен. Сондай-ақ, ойынхана “Ashyq” бағдарламасына тіркелмегендігі анықталды. Жайт бойынша жинақталған іс-құжаттар ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабымен тиісті шара қолдану үшін Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолданды.
Сонымен қатар, ойынхана ішінде кәмелетке толмаған жасөспірімдер анықталды. Аталған жайт бойынша мекеме әкімшісіне ҚР ӘҚБтК-нің 132-бабымен (Кәмелетке толмағандардың түнгi уақытта ойын-сауық мекемелерiнде болуына жол беру), ал жасөспірімдердің ата-аналарына ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабымен (Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болуы) әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Мұндай құқыбұзушылықтың алдын алу мен заң талаптарының сақталуын қадағалауға арналған рейдтер жалғаса беретін болады.