ЖАСӨСІПІРІМДЕРГЕ АРНАЛҒАН ІС-ШАРА ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ

1043

Мемлекеттік жастар саясатын жүргізуге құқық қорғау органдары да өз үлестерін қосып келеді. Олар жасөспірімдермен жоспарлы түрде жұмыс жасау арқылы олардың заңбұзушылықтарға баруына жол бермей, құқық бұзушылығының алдын алу шараларын жасайды.

Мегаоплистік полицейлер сондай жастар мен жасөспірімдерге арналған жоспарлы жұмыстарының бірі – «Түнгі қаладағы балалар» іс-шарасын қорытындылады.

Ағымдағы жылдың 17-30 маусым аралығында Шымкент қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері «Түнгі қаладағы балалар» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді.

Шара барысында ювеналды полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандар арасында немесе оларға қатысты жасалған құқықбұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу мақсатында күнделікті жастар көп жиналатын қоғамдық орындар мен ойын-сауық мекемелерінде түнгі рейдтік жұмыстар жүргізді.

Жедел-профилактикалық іс-шараның қорытындысы бойынша 266 әкімшілік құқық бұзушылықтар анықталды. Атап айтқанда, ҚР ӘҚБтК 132-бабының 1-бөлігі бойынша (Кәмелетке толмағандардың түнгi уақытта ойын-сауық мекемелерiнде болуына жол беру) – 4 азамат, ҚР ӘҚБтК 442-бабының 1-бөлігі бойынша (Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз сағат 22-ден таңғы 6-ға дейін ойын-сауық мекемелерінде болуы) – 9; ҚР ӘҚБтК 442-бабының 2-бөлігі бойынша (Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғынжайдан тыс жерде сағат 23-тен таңғы 6-ға дейін болуы) – 253 азамат жауапкершілікке тартылды.

Сонымен қатар, ішкі істер органдарының есебіне құқықбұзушылыққа бейім 20 жасөспірім және 8 қолайсыз отбасы қойылды. Жедел-профилактикалық іс-шара аяқталғанымен құқық қорғаушылардың азаматтардың, оның ішінде жасөспірімдердің құқық бұзуларының алдын алу бойынша жоспарлы жұмыстары күнделікті жалғаса беретін болады.