Биыл алғашқы тоқсанда Түркістан обылыснда макроэкономикалық көрсеткіштердің оң өсімі байқалды. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 209,4 млрд. теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңіне өсім 106,3% құрады. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 118,4 млрд. теңгені, немесе 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 101,1%-ды құрады Облыс экономикасына 97,2 млрд. теңге инвестиция бағытталып, 1,6 есе артты. Аппараттың апталық отырысында Түркістан облысының әкімі индикаторларды сапалы орындап, ішкі жалпы өнім мен кірістер көлемін арттыру бағытындағы жұмысты күшейтуді тапсырды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте жалпы ішкі өнімнің өсімін жыл сайын 6 пайыздық деңгейде қамтамасыз етуді тапсырды. Тиісінше инфляцияны осы жылдың қорытындысымен 2 есе төмендету қажет. Бұл үшін өсудің қосымша көздерін табуымыз керек. Атап айтқанда, өндеу өнеркәсібінде, агроөнеркәсіптік кешенде, құрылыс пен қызмет көрсету секторында резервтеріміз бар. Осы бағыттарда әлеуетімізді толық пайдалану үшін нақты шаралар қабылдансын. Әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша облыста І тоқсанда оң өсімдерге қол жеткізілді. Бірақ жекелеген аудан, қалаларда бірқатар бекітілген индикаторлардың орындалуы төмен деңгейде қалыптасты. Әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі индикаторларының орындалуын қамтамасыз етпеген басқарма басшыларының жауапты орынбасарлары мен аудан, қала әкімдері орынбасарларының жауапкершілігі қаралады. Облыстық басқарма басшылары және аудан, қала әкімдері, белгіленген көрсеткіштердің уақытылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етсін. Облыстық бюджеттен бөлінген қаржылар бойынша мемлекеттік сатып алу конкурстары өз мерзімдерінде жүргізілуі шарт, – деді Дархан Сатыбалды.
Өңір басшысы абаттандыру, санитарлық тазалық жұмыстарын жандандыруды, «Ауыл аманаты» бағдарламасын сапалы атқару және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, білім саласын көтеру, ауыл шаруашылығын дамыту мәселелері бойынша да жауаптыларға тапсырмалар берді.
Өңірде бірінші тоқсанда құрылыс жұмыстарының көлемі 31,5 млрд. теңгені немесе өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 117,9% құрады. Пайдалануға тапсырылған тұрғын үйлер алаңы 5,5%-ға артып, 120,2 мың шаршы метрге жеткен.
Аудан, қалалардың әлеуметтік-экономикалық даму қарқынына талдау жүргізу мақсатында 15 индикатор бойынша рейтингтік бағалау жүйесі енгізіліп, меморандум түзілді. І-тоқсан қорытындысымен 14 индикатор бойынша бағалау жүргізілді, 1 индикатор тоқсандық статистикалық деректердің шықпауына байланысты есепке алынбады. Жалпы, 14 индикатордың 10-ы бойынша жоспарланған межеге қол жеткізілген. Аудан, қала әкімдіктерінің рейтингі әзірленіп, тиісті бақылауға алынды.
Облыста 2023 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша жергілікті бюджетке 37,7 млрд. теңге кіріс түсіп, жоспар 120,9%-ға немесе 6,5 млрд. теңгеге асыра орындалды. Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда түсім 5,0 млрд. теңгеге артқан немесе өсу қарқыны 15,3%-ды құрап отыр.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі