Ресей мен Қытай 2025 жылға дейінгі әскери ынтымақтастық жоспарын рәсімдеді. Сейсенбі күні екі елдің қорғаныс министрлері Сергей Шойгу мен Вэй Фэнхэ бейнеконференция арқылы байланысқа шығып, 2021-2025 жылдарға арналған әскери ынтымақтастықтың жол картасына қол қойды
Осы құжатқа сәйкес, Ресей Федерациясы мен Қытай Халық Республикасы стратегиялық маневрлерді күшейтеді, әуе кеңістігінде бірлескен патрульдер де көбейеді. Осылайша, Пентагон, НАТО мен AUKUS-тың (АҚШ, Австралия мен Ұлыбританияның әскери одағы) арандатушылық әрекеттеріне тосқауыл қойылады.
Енді, осы әскери ынтымақтастыққа кеңінен тоқталайық, Қытай жерінде өткен стратегиялық оқу-жаттығулар кезінде Ресейдің әуе-ғарыш әскері Ауғанстанға жақын полигондарда әуе соққыларын да жасап көрді. Жалпы, екі алаңда өткен әскери шараға 13 мың сарбаз бен 500 әскери техника қатысты. Осылайша, екі елдің әскері батыс пен шығыста бір уақытта әрекет ете алатынын көрсетті.
17-23 қазанда Ресей мен Қытайдың он әскери кемесі Жапон теңізіне, Тынық мұхиттың батыс жағына және Шығыс Қытай теңізіне патруль жасап қайтты. Зымыран таситын кемелер 1 700 мильді артқа тастап, Жапонияға жақын жерде кемелерге қарсы маневрлер мен атыстарды сәтті орындап келді.
Ресей мен Қытайдың қорғаныс министрлері 2021 жылғы әскери ынтымақтастықтың даму қарқынын жоғары бағалап отыр. Алдағы уақытта барлық келісімді орындауға мүдделі екенін де растады. Себебі екі жақтың мақсаты бір. Ол – халықаралық терроризм қаупін төмендету, тәліптердің мемлекет құраушы қозғалысына айналуын азайту, Пентагон мен НАТО-ның Азиядағы барлық базасын тарату.
Ресей әлемде әскери күші жағынан екінші орында тұр. Ал Қытай бұрынның бері ядролық держава мәртебесіне ие. Бүгінде ғарышты сәтті игеріп, гипердыбыстық зымырандар мен көзге көрінбейтін жойғыш ұшақтардың бесінші буынын шығарып жатыр. Осылайша, біртіндеп бірінші орында тұрған АҚШ-ты да ығыстырады.
Ресей мен Қытайдың әскери ынтымақтастығы Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше мемлекеттердің қауіпсіздігіне де оң ықпалын тигізеді.