Елбасы ең бірінші ел ішіндегі қандай ақпараттарды оқиды?

782
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Egemen Qazaqstan газетінде «Тарихи тұлға тағылымы» атты мақала жариялады.
Қасым-Жомарт Тоқаев мақаласында Елбасының ерекше ерекше қасиеті, елдегі оқиғаларға жіті мән беретіндігін айтады.
«Нұрсұлтан Назарбаев әртүрлі мінезге ие адамдармен жарасым таба алады. Әрине оның харизматикалық болмысы туралы аз айтылмайды. Мұндай сирек қасиет әркімге беріле бермейді, бұл – расында да ең әуелі табиғат сыйы, содан кейін адамның өзін өзі үнемі дамытуына тікелей байланысты қасиет. Ұзақ жылдар бойы Елбасының еңбегіне шәкірті ретінде де, серіктесі ретінде де, үзеңгілесі ретінде де көңіл аудара жүріп, әр кез қабілетіне таңғалатынымды жасырмаймын. Ол көп оқиды, ұлттық әдебиетке ғана емес, шетел әдебиетіне де көңіл бөледі, барлық оқиғадан хабардар болып отырады, елдің тарихы мен мәдениетін жетік біледі, әсіресе экономикалық ақпаратқа жіті ден қояды.
Сыртқы саясатта қызмет еткен адам ретінде Нұрсұлтан Назарбаевтың шетелдік басшылармен кездесуге өте тыңғылықты әзірленетінін білемін. Ол Сыртқы істер министрлігі мен басқа да ведомстволар дайындаған ақпараттық материалдармен мұқият танысқан, содан соң жеке қойын дәптеріне өзінің тезистерін жазған еді. Оны барлық нәрсе қызықтырған деуге болады: сол елдің экономикалық жағ­дайы, кездесетін тұлғаның мінезіндегі ерекшеліктер, іскерлік қасиеттері және басқалар. Осының бәрін мықтап көңілге түйетін Тұңғыш Президент барлық әріп­тестері, тіпті БАҚ өкілдері үшін де тартымды, қызғылықты әңгімелесушіге айналады. Ең ерекше қасиетінің бірі – әзіл сөзді орынды қолданады. Елбасының тауып айтатын әзіл-қалжыңы әр кездесу соңынан әлемдік саясат өкілдері арасына бірден тарап кетеді. Оның тапқырлығын шетел саясаткерлері үнемі жоғары бағалайды», – деп жазады.