Полицейлерден ақша жинаған басшылар ұсталды

1590
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы полиция қызметкерлері арасында заңсыз ақша жинау фактісін анықтады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне сілтеме жасап.
Қоғаммен байланыс департаментінің директоры Арман Бердалиннің айтуынша, Атырау қалалық полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары және бөлімше бастығы пара алғаны үшін жауапқа тартылып отыр. Бастықтың орынбасары полиция подполковнигі шешінде болса, бөлімше бастығы — аға лейтенант.
«Лауазымды тұлғалар 2018 жылы желтоқсанда сөз байласа отырып, қорқытып алу жолымен қарамағындағыларға бұрын есептелген сыйақы төлемдерінен және қызметте олардың жалпы қамқорлығы үшін 2 миллион теңге сомасында пара алғаны үшін күдік келтіріліп отыр. Сотпен күдіктіге қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды. Тергеу жалғасуда», — деп атап көрсетті А.Бердалин.
Айта кетейік, бүгін агенттік Маңғыстау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының қамауға алынғанын жариялады. Ол мемлекет мүддесіне 1 миллиард теңгеден астам сомаға залал келтірген.
Бұдан бөлек, ағайынды Рысқалиевтердің сыбайласы қамауға алынды.
Қызылордада облыстық басқарма басшысының орынбасары экстремизмге қарсы шараларға бөлінген бюджет қаржысын жымқырған.
Ал Степногорск қаласында қоғамдық денсаулықты сақтау басқармасының басшысы парамен ұсталды.