2027 жылдан бастап ер адамдар бала күтімі бойынша жәрдемақыдан қағылады

32

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда балалы отбасыларға әлеуметтік төлем тағайындау тәртібі өзгереді. Ер адамдар бір жарым жасқа дейінгі бала күтімі бойынша жәрдемақы ала алмайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бала бір жарым жасқа толғанға дейінгі күтіміне берілетін жәрдемақы тек әйелдерге төленеді. Ал ер адамдар енді бұл төлемді ала алмайды.

Құрылтай депутаты Ләззат Қожахметтің айтуынша, әлеуметтік аударымдары төленген жұмыс істейтін әйелдер Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) жүктілік пен босануға байланысты әлеуметтік төлемдерді бұрынғыдай ала береді. Ал бала күтіміне берілетін төлемнің мөлшері бұрынғы табыстың 40%-на тең. Ол бала бір жарым жасқа толғанға дейін төленеді.

Бұл төлемдерді тағайындау кезінде отбасының әлеуметтік әл-ауқат санаты ескерілмейді. Яғни, қажетті әлеуметтік аударымдары төленген жұмыс істейтін әйелдер отбасының табысы мен тұрмыс деңгейіне қарамастан төлем ала алады.

Жұмыс істемейтін әйелдерге жәрдемақы қалай тағайындалады?

2027 жылдан бастап жұмыс істемейтін және әлеуметтік аударымдары жоқ әйелдерге МӘСҚ есебінен төлем берілмейді. Олар бала туған кезде берілетін біржолғы жәрдемақыны, сондай-ақ отбасы мемлекеттік көмекке мұқтаж деп танылған жағдайда, бала бір жарым жасқа толғанға дейінгі күтіміне арналған жәрдемақыны ала алады.

Егер отбасы әлеуметтік көмекке мұқтаж болмаса, әйел еңбекке қабілетті әрі денсаулығында кінәрат болмаса, ал жақындарының табысы күнкөріске жеткілікті болса, оған бала күтіміне байланысты жәрдемақы тағайындалмайды.

Депутат Ләззат Қожахметтің сөзінше, қазір тұрмысы жеткілікті отбасылар санатындағы 30 мыңнан астам қазақстандық әйел осындай төлем алып отыр.

Айта кетейік, декреттік демалыс алып, үй шаруасын мойнына алған қазақстандық азаматтар жетерлік. Олардың бірі – Бақытжан. Шымкент тұрғындары, отасқанына 24 жыл Гүлнұр мен Бақытжан төрт бала тәрбиелеп отыр. Отағасы некелерінің алғашқы бес жылында үй шаруасымен айналысып, балаларға қараған. Әйел университеттерде сабақ берген. Екінші қызы дүниеге келгеннен кейін ол жұмысқа оралғанда, жұбайы бала күтіміне жауапкершілік алған. Бақытжан үйде отырған кезде тазалыққа мән беріп, қолынан келетін тамағын әзірлеп, балаларға қараған. Кезінде балаларын бағып, үй шаруасымен айналысқан Бақытжан қазір жиһаз өндіретін цехы бар жеке кәсіпкерге айналған.

Шаңырақ көтергеніне 21 жыл болған Сәуле мен Қайрат төрт бала тәрбиелеп отыр. Сәуле жеке нотариус болып жұмыс істейді, ал күйеуі үй шаруасы мен балалардың күтімін мойнына алған. Қайрат тамақ әзірлеп, ыдыс жуып, балалармен бірге үй жинайды. Ол ғимараттарды жалға берумен айналысатындықтан, уақытының көбін отбасына арнайды. Қонаққа барған кезде де дастарханды дайындап, жақындарын өзі күтіп алады. Сәуле күйеуіне мұндай талап қоймаған, ал үй шаруасы мен бала күтімін бөлісу – Қайраттың өз таңдауы.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда декреттік төлемдер енді жаңа тәртіппен тағайындалатыны туралы жазған едік. Жаңа тәртіп бойынша табысын қолма-қол алатын азаматтар оны кассалық чектер немесе арнайы мобильді қосымшадағы мәліметтер арқылы растауы керек. Сонымен қатар әлеуметтік салықтың төленгені мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналарының аударылғаны да ескеріледі. Ал табыс көлемі өзгерсе, оның дұрыс екені салық декларациясындағы деректермен салыстыру арқылы тексеріледі.