Шымкентте коронавирус жұққан науқастарды емдеуге арналған госпитальдің құрылысы тоқтап тұр

836
Шымкенттегі «Ақжайық» шағын ауданында салынады деп жоспарланған коронавирус жұққан науқастарды емдеуге арналған госпитальдің құрылысы тоқтап тұр. Қала әкімдігінің Азаттыққа хабарлауынша, бірінші жоба жарамсыз деп танылған, ал жаңа жоба талқыланып жатыр.
«Ақжайық» шағын ауданында қалалық балалар ауруханасының жанынан госпитальге жер бөлінген. Жан-жағы қоршалған аумақ пен ондағы әртүрлі көліктерді BI GROP құрылыс компаниясының он шақты қызметкері күзетіп жүр.
Қала әкімдігінің айтуынша, құрылыс сапасына байланысты госпиталь құрылысы тоқтап қалған. Бастапқы жобада госпиталь контейнерлермен салынады деп жоспарланған. Госпиталь жабылып, ғимарат қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының балалар бөліміне берілетіні ескеріліп, контейнерлерден салу тоқтатылған.
«Миллионнан аса тұрғыны бар Шымкентте 180 орындық жалғыз жұқпалы аурулар ауруханасы бар. Оның жартысы балалар бөліміне тиесілі. Балаларға бөлек аурухана салу жоспарда болғанмен қаражат қаралмаған. Госпитальды жұқпалы аурулар ауруханасының балалар бөлімі ретінде қалыптастыру үшін нысанды контейнермен емес, темір-бетоннан салу туралы тоқтамға келдік» делінген Шымкент қалалық әкімдігі жіберген хатта.
Әкімдік өкілдері хатта госпитальді шағын аудан аумағына салу себебін де түсіндірген.
«Қала шетіне салу тиімсіз. Біріншіден, қала шетіне аурухана салу бұрыннан қала құрылысы жобасында жоқ. Екіншіден, қала шетінде ауруханаға қажетті ауыз су, газ, электр қуаты, автомобиль жолы, байланыс, кәріз сияқты инфрақұрылым тартылмаған. Оған кететін қомақты қаражат бюджетте қарастырылмаған. Оның үстіне тым көп уақыт алады» делінген хатта.
6 сәуір күні қала әкімі Мұрат Әйтенов 200 адамға шақталған госпитальдың құрылысы басталғанын мәлімдеген. Құрылыс жұмысына 400 адам тартылған. Билік өкілдері құрылыс жұмысына тартылған жұмысшылардың вирустан барынша қорғанатынын да жеткізген.
Коронавирус жұқтырған науқастарды емдеу үшін Шымкенттен бөлек Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында да госпиталь салынып жатыр. Үш қалада да аурухананы BI GROP құрылыс компаниясы салады.
Қарай отырыңыз: Коронавирустан емдейтін үш аурухана қашан бітпек? (16 сәуір 2020 жыл).