ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНДА ЖАҢАДАН АШЫЛҒАН КӘСІПОДАҚ ҰЙЫМЫНЫҢ БЕЛСЕНДІГІ

72
Шымкент қаласының Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты «Шымкент концерт» концерттік ұйымы» (филармония) Мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнында биылғы наурыз айынан бастап жаңа кәсіподақ ұйымы құрылып, өз жұмысын қарқынды бастады. Бұл бастама ұжым мүшелерінің әлеуметтік-еңбек құқықтарын қорғауға, олардың әл-ауқатын арттыруға және ұжымдағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.
Кәсіподақ ұйымы өз қызметін Наурыз мейрамын ерекше деңгейде атап өтуден бастады. Ұлттық мерекемен қатар келген қасиетті Рамазан айында мекеме қызметкерлеріне арнап ауызашар ұйымдастырылды. Бұл шаралар ұжым мүшелері арасындағы байланысты нығайтып, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Ауызашар кеші рухани жаңғыру мен бірлікке шақырып, ұжымдық рухты арттырды.
Кәсіподақ ұйымы жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуге және салауатты өмір салтын насихаттауға да баса назар аударады. Осы мақсатта, 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне және биыл Ұлы Жеңіске 80 жыл толуына орай, 9 мамыр – Жеңіс күніне орайластырылып, ауқымды футбол турнирі ұйымдастырылды. Мекеменің әр бөлімінен 9 команда жиналып, спорттық додада бақ сынасты.
Турнирдің қорытындысы бойынша:
• Бас жүлдеге – 100 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық пен арнайы кубок табысталды.
• Бірінші орын иегері 50 мың теңгеге ие болды.
• Екінші орынды алған екі командаға 25 мың теңгеден ақшалай жүлделер мен кубоктар берілді.
Сонымен қатар, «Үздік қақпашы», «Үздік ойыншы» және «Үздік шабуылшы» аталымдары бойынша жеңімпаздар арнайы кубоктармен марапатталды. Жоғары деңгейде өткен ойын барысында қатысушылар үшін түскі ас ұйымдастырылып, жағымды атмосфера қалыптасты. Бұл шара жастардың бойындағы бәсекелестік рухты, командалық жұмысқа қабілеттілікті және патриоттық сезімді нығайтуға зор ықпал етті.
Кәсіподақ ұйымы мүшелерінің әлеуметтік жағдайын үнемі назарда ұстайды. Мекемедегі 50 және 60 жасқа толған мерейтой иелеріне әдемі гүл шоқтарымен қатар, 50 мың теңге көлеміндегі сертификаттар табысталып, құттықтау дәстүрі қалыптасқан. Бұл – ұжымның әр мүшесіне деген құрметі мен қамқорлығының белгісі.
Кәсіподақтың алдағы жоспарлары да ауқымды және қызметкерлердің әл-ауқатын жақсартуға бағытталған:
• Қызметкерлерді шипажайларға жіберуді жоспарлап отыр, жолдама құнының 50 пайызын кәсіподақ өтейді. Бұл – еңбекшілердің денсаулығын жақсартуға және демалуына мүмкіндік беруге бағытталған маңызды қадам.
• Қыркүйек айында «Білім күніне» орай, қызметкерлер арасындағы көпбалалы аналарға мектепке қажетті құрал-жабдықтармен көмек көрсету жоспарланған. Бұл бастама әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасыларға нақты көмек көрсетуге бағытталған.
«Шымкент концерт» филармониясының кәсіподақ ұйымы қызметкерлердің мүддесі үшін белсенді жұмыс істеуді жалғастырады. Ұйымның бастамалары ұжымдық бірлікті нығайтып, қызметкерлердің еңбекке ынтасын арттыра түсетіні сөзсіз.