«2022– 2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы Сенаттың қарауына жіберілді. Биыл да сценарий бойынша облыстар мен Шымкент қаласының негізгі кірісі мемлекеттік ұйымдардан жиналады. 2022 жылы 12 облыс пен Шымкентке республика бюджетінен барлығы 2,1 трлн теңге субвенция (жәрдемқаржы) аудару көзделген. Әдеттегідей, республика бюджетіне басты донор болатын өңірлер қатарында Алматы, Нұр-Сұлтан және Атырау мен Маңғыстау облыстары бар. 2022 жылы осы 4 өңірден республика бюджетіне 490,4 млрд теңге аудару міндеттелген. Сонымен соңғы 10 жылда қай өңір ең көп субвенцияға ие болды?
Субвенция (жәрдемқаржы), (лат. «көмекке келу») дегеніміз – жоғары деңгейдегі бюджеттен белгілі бір мерзімге және нақты мақсатқа бөлінетін қаржы. Мұның дотациядан айырмашылығы егер қойылған мақсат орындалмаса, өңір қаржыны ел қазынасына қайтаруға міндеттеледі.
Әрине, субвенция көлемі ең әуелі өңірдегі халық санына, әлеуметтік-экономикалық жағдайға байланысты болады. Дегенмен бір өңірдің 2013-2022 жылдар аралығында жыл сайын бірдей көлемде субвенция алып отыруы ондағы әлеуметтік-экономикалық жағдайдың өзгеріссіз екені айтпаса да түсінікті.
Республика бюджетінен облыстар мен мегаполиске бөлінген жәрдемқаржы (теңге) сомасы 10 жылда қалай өзгерді?
Республика бюджетінен Нұр-Сұлтан (бұрынғы Астана) 2014 жылға дейін жәрдемқаржы алса, ал Шымкент 2020 жылдан бері 130-140 млрд теңге көлемінде көмек алып келеді.
Визуалдан көргеніңіздей, ең көп субвенцияны Түркістан облысы алады. Оған бірден-бір себеп – облыстың орталығы – Түркістанды түркі халықтарының рухани астанасына айналдыру мақсаты. Облыс соңғы 10 жылда (Aikyn.kz тек 2013-2022 жылғы бюджетті есепке алды) Қазақстандағы ең көп жәрдемқаржыны алып келген, ал кейінгі 6 жыл бойы берілген жәрдемқаржы көлемі 400 млрд теңге шамасынан азаймаған.
Кейінгі 3 жылда ел қазынасына ең көп қаржыны Атырау облысы аударған. Жақында 2022-2024 жылдарға арналған бюджет жобасында 2022 жылы Атырау облысының бюджетінен 220,9 млрд теңге аударылатыны жазылған.
Оған дейін көшбасында Алматы болған. Мегаполис 2022 жылы республика бюджетіне 211,5 млрд теңге бөледі.
Маңғыстау облысының республика бюджетіне құйған қаржысы 2020 жылы 76,7%-ға азайған. Облыс ел қазынасына 2019 жылы – 35,3 млрд теңге, 2020 жылы 8,2 млрд теңге бөлген. Ал 2022 жылы облыс республика бюджетіне 19 млрд теңге аударуға тиіс.