Әлеуметтік теңсіздікті шешпей, саяси реформа жасау мүмкін емес…

952

Бізге демократия қажет. Ол үшін, елімізде саяси реформалар өткізу қажет.
Дегенмен, елімізді реформация жасаудың тағы бір, ең негізгі, аспектісі бар.
Ол әлеуметтік теңдік. Анығырақ айтсақ, сол теңдіктің біздің елде тапшылығы.

Біздің мемлекеттің үлкен парадоксі бар. Оны «қазақстандық әлеуметтік парадокс» деп айтса да болады. Біздің мемлекет бай, халық кедей. Яғни, мемлекетіміздің жер асты, үсті байлығының басым көпшілігі «ат төбеліндей» топтың қолында шоғырланған.

Халықтың басым көпшілігі «тақыр кедей», пандемиядан кейін, олар «сіңір кедейлердің» қатарына қосылатын болады. Міне, осы әлеуметтік теңсіздік мәселесін шешпей, біздің елде саяси реформа, әлеуметтік трансформация жасау мүмкін емес. Өйткені, кедей адамдар демократияның құндылықтарын қажет етпейді. Сондықтан, елімізде әлеуметтік теңдік мәселелерін шұғыл және түбегейлі шешу өте маңызды.

Ол дегеніміз не?

Ең бірінші, қала мен ауылдың арасындағы инфрақұрылымдық теңсіздікті жою, азаматтарға сапалы, терең білім беру, жоғары білімі жоқ азаматтарға квалицикациясы жоғары жұмысшы мамандығын игеруге жол ашу, мемлекеттің әлеуметтік бағытын арттыру.

Тек қана мемлекеттің қолынан бұл мәселені оңды, кешенді шешу келмейді, ірі бизнес, орта бизнес өкілдері өз персоналының әлеуметтік стандарттарын өсіруге құлқылы болулары керек.

Мемлекеттің тұрақтылығы әлеуметтік теңдік, әділеттілік барлық деңгейде орнағанда пайда болады. Әлеуметтік теңдіктің «скандинавтық моделі» дегеніміз осы. Бізге осы модельге талпыну керек.

Мемлекет, ірі бизнес, орта және кіші бизнес, халық қол ұстасып осы бағытқа талпынғанда ғана біз түпкі мақсатқа жетеміз. Еліміз ауыр, қым-қиғашы мол, күрделі процесстердің алдында тұр. Абай айтпақшы, «байда мейір, кедейде пейіл де жоқ» болса, мемлекетіміздің жағдайы мүшкіл болуы ықтимал.

Баршамызға терең ойланатын кез келді. Еліміздің болашағы баршамыздың қолымызда.

Ерлан Саировтың жазбасы

Abai.kz