Асқар Мамин: Бірінші басшылар Жалпыұлттық жоспардың уақтылы орындалуын қамтамасыз етуі керек

1099

Үкімет басшысы Асқар Мамин Президент жолдауын іске асыру бойынша Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарына қатысты министрлер мен әкімдерге нақты тапсырма берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы өзінің Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттік және экономикалық саясаттың жаңа жағдайға сәйкес келетін жаңа бағытын атап өтті. Жолдаудың міндеттерін сапалы әрі жедел шешу үшін Мемлекет басшысы атап өткен негізгі 11 бағыт бойынша Жалпыұлттық жоспар әзірленді. Үкіметтің басты міндеті — халықтың әл-ауқатын арттыру, экономиканы дамыту және тұрақты жұмыс орындарын құру», — деді Асқар Мамин Үкімет отырысында.

Оның айтуынша бюджеттік жоспарлаудың жаңа жүйесінде ұлттық басымдықтар қамтамасыз етіледі. Бюджеттен тыс қорлардың қаражаты ескеріліп, «кеңейтілген бюджет» жүйесі енгізіледі.

«Азаматтарымыздың әлеуметтік әл-ауқатын қамтамасыз ету мақсатында тұрғын үйге қолжетімділікті кеңейту, қолайлы отбасы-демографиялық жағдай жасау, экологияны, білім берудің сапасын жақсарту, сондай-ақ денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру жөніндегі шаралар қабылданады. Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру жөніндегі бүгін ұсынылған Жалпыұлттық іс-шаралар жоспары қойылған міндеттерге сай. Президент Жоспарды бекіткен соң, барлық мемлекеттік органдар мен әкімдіктер бірден оны орындауға кірісуі керек. Бірінші басшылар жоспардың іс-шараларын үлкен жауапкершілікпен, сапалы әрі уақтылы орындалуын қамтамасыз етулері қажет», — деді Асқар Мамин.

Еске сала кетсек бүгін Үкіметте Мемлекет басшысының «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауын іске асыру бойынша Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасын жарияланған болатын.