«Даусы да, дарыны да жоқ әншілер әлі «аузын ашып» шығып жүр» — Нұрлан Нығматуллин

936

Сондай-ақ, жаңа заң жобасында әншілердің сахнадағы әдебін бақылауға алу қарастырылған.

Бұдан былай Қазақстандағы әншілер өз туындысын орындау барысында фонограмма пайдаланатынын көрерменге алдын ала ескертетін болады. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мәлім етті.

«Фонограмма пайдалану тәртібі заңға тәуелді актіде айқындалатын болады. Барлық жарнамалық өнімдерде және кассалар жанында міндетті түрде фонограмманы пайдалану бойынша хабарлама беріледі. Бұл көрерменге фонограммамен өтетін концертке билет сатып алу немесе одан бас тарту туралы таңдауына мүмкіндік береді және билет құнына да әсер етеді. Заң жобасындағы маңызды нормалардың бірі — орындаушылардың фонограмма қолдануы туралы көрерменді алдын ала хабардар етуі», — деді Райымқұлова.

Сондай-ақ, жаңа заң жобасында әншілердің сахнадағы әдебін бақылауға алу қарастырылған.

«Концерттік ойын-сауық шараларын өткізу кезінде туындайтын бірқатар проблемалар бар. Орындаушылар тарапынан концерт өткізу кезінде әдепсіз мінез-құлық көрсету, сахнада мас күйінде өнер көрсету үрдісі бар. Жоспарланған концертті бұзу, әдепсіз сөздері бар репертуар таңдау, көрермендерді хабардар етпей фонограмманы пайдалануға жол берілген бірқатар факті де бар. Осы орайда, заң жобасы аясында орындаушылардың осындай мінез-құлқына жол бермеу бойынша бірқатар міндеттемелерді енгізу арқылы осы мәселелерді барынша реттеуге тырыстық», — деп атап өтті Мәдениет және спорт министрі.

Аталған заң жобасын Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин де қолдайтынын айтты.

«Залдың техникалық мүмкіндігін сылтауратпай, кейбір орындаушылардың шығармашылық қабілетіне қарау керек, әйтпесе даусы да, дарыны да жоқ әншілер әлі «аузын ашып» шығып жүр. Жұмыс тобының отырыстарын өзім бақыладым. Фонограммаға мүлдем тыйым салу туралы мәселе өте қызу талқыланды. Айтыста ешқандай фонограмма болмайды. Халықтың айтысты жақсы көретіні де содан шығар. «Қисық арба жол бұзады» дегендей, өнер әрдайым таза болуы керек. Әнді жанды дауыста айтқан дұрыс және фонограмма болса ескерту керек. Халық «фонограммамен ән айтқандарға ақшаның көшірмесін төлеу керек» дегенді бекер айтпайды. Әншілер де жанды дауыста ән айтқан кездегі және фонограммамен ән айтқан кездегі қызметі үшін бағаны өзгертуі керек. Және осы норманы енгізген дұрыс деп есептеймін», — деді Мәжіліс төрағасы.