Шымкент: кәсіпкерлік нысандарға зерделеу жұмыстары жүргізілді

813

Шымкент қаласы Еңбекші ауданындағы кәсіпкерлік нысандарға зерделеу жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды ardak.kz ақпараттық агенттігі. Қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ, мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы мен Еңбекші ауданы әкімдігінің қызметкерлері Жыланбұзған тұрғын алабында 13 кәсіпкерлік нысанға зерделеу жұмыстары жүргізіліп, оның ішінде 3 коммерциялық нысанның маңдайшасы заң талаптарына сәйкес еместігі анықталды.

Тексеру жұмыстарының негізгі міндеті – мемлекеттік және мемлекеттік емес мекемелерде орналасқан тіл заңнамасының талаптарына сәйкес келмейтін жарнама өнімдері мен көрнекі ақпарат мәтіндеріндегі қателерге және олардың сауатты орналасуына, халықа сапалы қызмет көрсету тілі мен сапасына мониторинг жүргізу болып саналады. Кәсіпкерлік нысан иелеріне заң талаптарының сақталуы жөніндегі парақшалар таратылып, ақпараттық ескерту жұмыстары жүргізілді. Тексеру жұмыстарының барысында Қазақстан Республикасы «Тіл туралы» заңының 21- бабында көрсетілген талаптарға сай келмейтін бірқатар көрнекі ақпарат мәтіндері анықталды. Кемшіліктер анықталған мекеме басшыларымен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, ұсыныстар берілді.

Сондай-ақ, барлық сауда орындарында екі тілде қызмет көрсету, олардың маңдайшалары мен мәзірлерінің Заң талаптарына сәйкестендіру керектігі түсіндірілді.

Еске сала кетейік, «Нұрсәт» тұрғын алабында орналасқан кәсіпкерлік нысандар мен қоғамдық тамақтану орындарындада тексеру жұмыстары жүргізілді. 30-дан астам кәсіпкерлік нысан араланып, кемшілік орын алған 12 нысан әкімшілігіне ескерту берілді. Айта кетейік, Шымкент қаласында тұрғын алаптардағы кәсіпкерлік нысандарда Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» заңы талаптарының сақталуына қоғамдық бақылау мен зерделеу жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады.