БИЫЛ 15 ЕЛДІ МЕКЕНГЕ ОПТИКА ЖЕЛІСІ ТАРТЫЛАДЫ

543

Биыл Шымкент қаласында мобильді интернет желісімен қамту көрсеткіші 95 пайызға, ал, талшықты оптикалық интернетпен қамту көрсеткіші 75 пайызға жеткізіледі. Сондай-ақ, жыл соңына дейін шаһардағы қоғамдық орындар толығымен Wi-Fi желісімен қамтылады.

Шымкент қаласында өткен жылы шалғай орналасқан 10 елді мекенге жоғары жылдамдықтағы интернет жүйесіне қосылды. Олар: Ақжайық, Достық, Асар, Сәуле, Шұғыла, Көкбұлақ, Тассай, Нұртас, Таскен, Пахтакор шағынаудандары.

Биыл цифрландыру басқармасы тағы 15 елді мекенге сапалы интернет тартуды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда Забадам, Самал-3, Құрсай, Қазығұрт және Қарабастау елді мекендеріне толықтай талшықты оптика желісі жүргізіліп жатыр.

Осы жылдың соңына дейін Солтүстік-Батыс, Ақниет, Қызылжар, Асар-2, Ынтымақ, Жайлау, Қарасу, Мирас,Мартөбе, Қайнарбұлақ саяжай аумағы оптика желісі жүргізіліп, 165 000 — нан аса тұрғын жоғары жылдамдықтағы интернет желісіне қосылуға мүмкіндік алады.

Шымкент қалалық цифрландыру басқармасының мәліметі бойынша, 2021 жылы 14 шағын аудан мен елді мекенге базалық станция орнатылған. Бұл 136 мың тұрғынды сапалы интернетпен қамтуға жол ашқан. Одан бөлек, жеке инвесторлардың есебінен 10 елді мекенге талшықты оптика желісі жүргізілген. Нәтижесінде 100 мыңға жуық тұрғын жоғары жылдамдықты интернетке қосылуға мүмкіндігіне ие болыпты. Бұл жұмыстар биыл да жалғасады. Нақтырақ айтар болсақ, мобильді байланыс операторларымен бірлесе отырып интернет сапасы төмен тағы 11 елді мекенге базалық станция орнату жоспарланып отыр. Қазір станциялардың орнатылатын жер телімдерін анықталып, құжаттары рәсімделіп жатыр. Жыл соңына дейін аталған базалық станциялар іске қосылса, тағы 106 мың тұрғын сапалы мобильді интернетке қосыла алады. Бұл қамту көрсеткіші 95 пайызға жетеді деген сөз.

Шымкент қаласы әкімдігінің цифрландыру басқармасы тарапынан жүргізілген талдау жұмыстары қала аумағының 45 пайызында ғана талшықты оптика желісі тартылғанын көрсеткен.