Бокстан лицензиялық турнир: Зәкір Сафиуллин Олимпиадаға барады

1160
Бүгін Иорданияның Амман қаласында өтіп жатқан бокстан Олимпиадаға іріктеу турнирінде ерлер құрамасы қазақ қоржынына кезекті лицензия сыйлады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
63 келіге дейінгі салмақта сынға түскен қазақстандық боксшы Зәкір Сафиуллин Азия-Тынық мұхиты аймағынан іріктеу турнирінде Олимпиада жоламасын жеңіп алды.
Ол ширек финалда ирандық Ашкан Разайдан айласын асырып, жартылай финалға шығып қана қоймай, лицензияны қанжығасына байлады.
Осылайша, Ғалымбек Кенжебаев баптайтын боксшылар әзірге 6 жолдамажеңіп алды.
Естеріңізге сала кетейік, осыдан шамалы уақыт бұрын 52 келіге дейінгі салмақта шаршы алаңға шыққан Сәкен Бибосынов ширек финалда қытайлық Ху Жинхуамен жұдырықтасып, жеңіліп қалған болатын.
Аталған турниде Олимпиадаға жолдаманы 69 келі салмақта Абылайхан Жүсіпов, 81 келі салмақта Бекзат Нұрдәулетов, 91 келі салмақта Василий Левит, 75 келі салмақта Әбілхан Аманқұл және аса ауыр салмақта (+91) ел намысын қорғап жатқан Қамшыбек Қоңқабаев алды.
Енді бүгін 57 келіде Серік Теміржанов Токио жолдамасы үшін таласады.